"Ашық НҚА" порталындағы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың тапсырмасы бойынша еліміздің түкпір-түкпіріндегі наркологиялық орталықтарда медициналық куәландыру ережелерінің сақталуына қатысты тексеріс басталды. TengriHealth тілшісі кейінгі үш жылда қанша шағым түскенін және тексерушілердің қандай заңбұзушылықтарды анықтағанын білді.
Қанша шағым түсті?
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті біздің сауалымызға берген жауабында 2023–2026 жылдар аралығында азаматтардан жүргізушілерді медициналық куәландыру мәселелері бойынша 159 өтініш пен шағым түскенін хабарлады:
- 2023 жылы - 7,
- 2024 жылы - 16,
- 2025 жылы - 76,
- 2026 жылы - 60.
Осы кезеңде наркологиялық орталықтарға 88 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша:
- 23 өтініш негізді деп танылды;
- 19 - ішінара негізді;
- 38 - негізсіз.
Тексерудің кейбір басқа материалдары бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр, деп нақтылады комитет.
Шағымдар қай жерде көп және рейдтер нені көрсетті?
Ведомство мәліметінше, шағымдардың басым бөлігі келесі өңірлерден түскен:
- Ақмола облысы - 37;
- Ақтөбе облысы - 34;
- Қостанай облысы - 17;
- Батыс Қазақстан облысы - 9;
- Қарағанды және Павлодар облыстары - 8-ден.
Тексеріс барысында медициналық куәландыруды өткізу тәртібіне, зертханалық зерттеулерге, медициналық құжаттарды жүргізуге және медициналық қорытындыларды ресімдеуге қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің хабарлауынша, анықталған олқылықтар бойынша ұйғарымдар шығарылып, әкімшілік істер қозғалды және айыппұлдар салынды. Сондай-ақ материалдар ішкі істер органдарына, прокуратураға, денсаулық сақтау басқармаларына және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолданды.
"Кейбір жағдайларда кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал тексеру материалдары сот талқылауына негіз болды", - делінген сауалға берілген жауапта.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін рәсімнің ашықтығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және даулы жағдайларды болдырмау мақсатында медициналық куәландыру ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар дайындап жатқанын мәлімдеген болатын.
Дегенмен, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру аяқталғанға дейін медициналық куәландыру тәртібіне нақты қандай өзгерістер енгізілетінін айта алмайтындарын жеткізді.
Ведомство мәліметінше, алдымен қолданыстағы рәсімге баға беріліп, содан кейін ғана талдау нәтижесі бойынша медициналық көмек көрсету стандартына арналған ұсыныстар әзірленеді.
Мән-жайы
Бұған дейін Қазақстанда жүргізушілерді медициналық куәландырудың қолданыстағы жүйесін өзгерту ұсынылған болатын. Сенатор Жанна Асанова депутаттық сауал жолдап, онда қазіргі уақытта мұндай рәсім іс жүзінде тек зертханасы бар мемлекеттік медициналық ұйымдарда ғана жүргізілетінін атап өткен.
Оның пікірінше, қалыптасқан модель шектен тыс орталықтандырылған, бұл жүйелі процеуалдық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Баламаның болмауы сараптама нәтижелеріне деген сенімді төмендетіп, теріс пайдаланушылыққа жол ашады.
Наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігі алкоголь мен психоактивті заттарды тұтынуды медициналық куәландыру рәсімін жетілдіру туралы бұйрық жобасын жариялады.