Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Албаниядан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Албаниядан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2022-2023 жылдар аралығында ер адам интернет арқылы жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындау, сондай-ақ жоғары оқу орындарына кепілді түрде түсу бойынша қызмет көрсету туралы көрінеу жалған ақпарат таратқан.
"Құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан 32 азамат жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалаған, соған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды", - деп хабарлады Бас прокуратура.
2025 жылдың мамыр айында Қазақстан азаматы Албания аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.