ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер Ақтөбедегі мұнай ұрлау ісі бойынша 8 компанияда тексеру жұмыстарын жүргізіп, олардың құжаттарын алды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға айтылған жауапта айтылады.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер Ақтөбедегі мұнай ұрлау ісі бойынша 8 компанияда тексеру жұмыстарын жүргізіп, олардың құжаттарын алды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға айтылған жауапта айтылады.
2016 жылдың 6-8 желтоқсан аралығында ҰҚК өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен еліміздегі ішкі істер органы қызметкерлерімен біріге отырып, еліміздің батыс өңірлерінде мұнай ұрлаумен айналысатын қылмыстық топтардың әрекеттеріне тосқауыл қою үшін ірі арнайы операциялар жүргізді.
"Тексеру жұмыстарының нәтижесінде "Ақтөбе нефтепереработка" ЖШС, VIVA Pro, Vernal Oil Kazakhstan, WKD, OilTreidLogistics, "АП-НАФТА ОПЕРЕЙТИНГ", "Фелконойл энд Гэс ЛТД" және "Сагиз Петролеум Компани" компанияларына қатысты тергеу жұмыстарын жүргізу үшін олардың құжаттары алынды. Компания басшылығы мен ондағы қызметкерлер қамауға алынған жоқ", - деді ҰҚК өкілдері.
Сондай-ақ, хабарламада осы іс бойынша тағы үш адамның ұсталғаны айтылады. Комитеттегілердің мәліметінше, Ақтөбе қалалық №2 соты Туржанов М., Ноғаев Н. және Кунцевич С. қатысты қамауға алу туралы шешім шығарды.
Осыған дейін Ақтөбеде мұнай ұрлығы ісі бойынша тағы 7 адамның қамауға алынғаны хабарланған болатын. "Ақтөбе қалалық №2 сотына арнайы операция кезінде ұсталған Б.К.Батыров, Н.С.Қазкенов, С.Б.Дусупов, Е.У.Еркетаев , А.А.Амитов, Ж.М.Ілиясов, А.М.Қалиев, А.Ж.Сәрсенов және Еркін Ізбасарға (1-ші топтағы мүгедек) қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу туралы өтініш келіп түсті", - делінген еді хабарламада.
Еске сала кетейік, Еркін Ізбасар Ақтөбедегі мұнай базасының территориясында ірі арнайы операция жүрген күні Алматыда ұсталған болатын. Ұйымдасқан қылмыстық топтың лидерімен бірге оның оққағары мен жүргізушісі ұсталған еді. Ал кейінірек мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жетекшісі Ақтөбеге ҰҚК ұшағымен жеткізілген болатын. Еркін Ізбасаровпен бірге оның көлік жүргізушісі мен оққағары да қазір Ақтөбеде. Енді оларды мұнай ұрлығына қатысты осында тергейтін болады. Ізбасаровтің аймақтағы жат ағымның жетегінде кеткен жігіттерді өз пайдасына жұмсап отырғаны белгілі болып отыр.