Көктемде алматылықтардың зәресін алған агрессивті жасөспірімдер тобына қатысты оқиға жалғасын тапты. Әлеуметтік желілерде жаңа видео тарады: авторлардың айтуынша, атышулы шетелдіктер енді Астана тұрғындарының мазасын қашырып жүр, деп хабарлайды Tengri Life.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жаңа бейнеролик пайда болды. Кадрлардан автобуста бара жатқан бір топ жастың видео авторына келіп, оны өшіруді талап еткенін көруге болады.
"Елден "қуылған" әлгі қыздар есіңізде ме? Жергілікті тұрғындар олардың қазір Астанада тайраңдап жүргенін жазып жатыр. Бұл солар ма, әлде басқалар ма?" - делінген видео сипаттамасында.
Жазба желі қолданушыларының назарын бірден аударды.
Видео астындағы пікірлерде көпшілік оларды бірден таныған.
"Бұл солар ғой! Сұмдық-ай", - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Кейбір пікір қалдырушылар құқық қорғау органдарына сауал тастап, елден шығарылғаны туралы ақпараттан кейін жасөспірімдердің елордада қалай жүргенін сұрады.
"Сонда шекарадан қалай шығардыңыздар? Астанаға қалай келді, көші-қон қызметі қайда қарап отыр?" - делінген пікірлердің бірінде.
Басқа қолданушылар бұл жағдайды мысқылмен қабылдады.
"Елордалық полицейлерге оларды қайтадан Алматыға депортациялауды ұсынамын", - деп әзілдеді желі қолданушыларының бірі.
Полиция не деді?
Алматы қалалық полиция департаменті тараған жазбаны тексергенін хабарлады.
"Аталған бейнежазба бойынша тексеру жүргізілді, нәтижесінде бұл ескі видео екені анықталды", - деп мәлімдеді ведомство.
Мәліметтерге сәйкес, тараған видео 2024 жылдың басында түсірілген болып шықты.
Сондай-ақ полиция бұған дейін жасөспірімдерге қатысты сот шешімі шыққанын еске салды.
"Сот шешімімен аталған азаматтар елден шығарылды", - деп атап өтті ПД өкілдері.
Оқиғаның мән-жайы
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға биыл сәуір айында қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Сол кезде алматылықтар әлеуметтік желілерде өздерін агрессивті ұстайтын жасөспірімдер тобы туралы жаппай жазған еді.
Қала тұрғындарының айтуынша, балалар дәмханалар мен фудкорттардағы келушілерге жақындап, ақша талап еткен, ал бас тартқан жағдайда жанжал шығарған. Сондай-ақ қолданушылар жасөспірімдердің адамдарға тас және басқа да заттар лақтырған сәттері туралы айтып берген болатын.
Болған жағдай туралы алғашқылардың бірі болып Алматы тұрғыны Варвара айтып берді. Ол көшедегі фудкорттан видео жариялап, өз басынан өткен оқиғаны бөлісті.
"Мұндай балалар үшін бұл ойын ба? Үстелге келіп отырып алып, ақша талап ете бастады! Тым шектен шығып кеттіңіздер. Бүгін бұл жағдай біздің ересек адам ретінде шекараны түсінгеніміздің арқасында ғана салдарсыз аяқталды. Бірақ келесі жолы сіздермен ешкім салтанат құрып жатпайтын адамдарға кезігулеріңіз мүмкін", - деп жазды ол.
Кейінірек басқа да шағымдар түсе бастады. Мәселен, Threads қолданушыларының бірі осы балалар тобы қала орталығында өтіп бара жатқан адамдарға шабуыл жасағанын мәлімдеді.
"Алматы қаласы. Қала орталығында не болып жатыр? Неге маған (және басқа адамдарға) бір топ бала жайдан-жай тап береді? Заттарымызды тартып алды, үстімізге су шашты (мен жұмысқа бара жатқанмын), тас лақтырып, өзге адамдарды ұрды", - деп хабарлады жазба авторы.
Әлеуметтік желілердегі видеолар мен шағымдардан кейін Алматы полициясы іске кірісті.
Полиция департаменті аталған оқиға бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.
"Қала саябақтарының бірінде түсірілген бейнежазба бойынша Медеу аудандық Полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері заңда қарастырылған шараларды қабылдайды. Жағдай бақылауда", - деп хабарлады ведомство.
Кейінірек полиция жасөспірімдердің кім екені анықталғанын мәлімдеді. Кәмелетке толмағандар аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізілген.
"Жасөспірімдердің Тәжікстан азаматтары екені анықталды. Барлық жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді Алматы ПД.
Сондай-ақ жасөспірімдердің заңды өкілдері бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.
Кейіннен полиция кәмелетке толмағандарға қатысты көші-қон заңнамасы аясында шаралар қолданылып жатқанын жеткізді.
"Аталған тұлғаларға қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасы аясында оларды ел аумағынан шығаруды қарастыратын шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта әрбір дерек бойынша тексеру жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша жасөспірімдердің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Бірнеше күннен кейін соттың жасөспірімдерді Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Сонымен қатар оларға алдағы уақытта елге келуіне тыйым салынғаны хабарланды.