Алматының Әуезов ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласы көпшілік сүйсінетін демалыс орнына айналған. Бірнеше жыл бұрын қараусыз жатқан аумақта қазір гүлзарлар жайқалып, демалуға арналған күркелер орнатылған, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Мұнда тұрғындар ғана емес, көрші үйлерден келген қонақтар да серуендеп, демалады. Күтімі жақсы көгал, жайлы күркелер, үлкен раушан бағы, сәндік бұйымдар мен иіліп өскен талдар аулаға ерекше көрік беріп тұр.
«Ауланы осындай күйге келтіру үшін көп еңбек еттік. Бес жыл бұрын суару жүйесін орнаттық. Оны жасауға үш жыл уақытым кетті. Барлығын өз күшімізбен атқардық. Кейін көгалдандыруға кірісіп, гүлзарлар жасай бастадым. Көлік тұрағын 80 гүл құмырасымен қоршадық. Қаражат үнемдеу үшін гүлдердің барлығын өзім өсіремін. Кейін бұл іс сүйікті хоббиіме айналды», – деді тұрғын үй кешенінің тұрғыны Ботагөз Ахметова.
Бүгінде бұл аула қаладағы үлгілі аулалардың бірі саналады. Мұндай бастамаларға әкімдік те қолдау көрсетеді. Соның бірі – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Оның аясында тұрғындар өз аудандарын көркейтуге арналған жобаларды ұсына алады. Қоғамдық дауыс беру кезінде қолдау тапқан жобалар кейін жүзеге асырылады.
«Тұрғындар Open Almaty арқылы «Халық қатысатын бюджет» бөліміне кіріп, өтінім береді. Жобаны мәслихат мақұлдағаннан кейін ол аудан әкімдігіне жолданады. Кейін жұмыс жергілікті бюджет есебінен атқарылады», – деді абаттандыру бөлімінің бас маманы Диас Сайлаубек.