"Жапонияның үш патшалығы" атты жаңа аниме осы маусымдағы ең қызықты жобалардың бірі ретінде бағаланды. Алайда қазақстандық көрермен тек сюжетке емес, сериялардың бірінде байқалған киіз үйге ұқсайтын құрылысқа назар аударды, - деп хабарлайды Tengri Life.
Көрермендер не байқады?
Қырағы жанкүйерлер бірінші маусымның 11-сериясында Фукурайкоку қамалына шабуыл жасауға дайындалып жатқан сарбаздардың әскери лагері киіз үйге өте ұқсас дөңгелек нысандардан тұратынын аңғарған.
Серияның өзінде бұндай нысандардың қайдан шыққаны туралы ештеңе айтылмайды. Дегенмен сыртқы келбеті жағынан олар көшпенділердің үйіне ұқсайды.
Жоба авторлары болашақ әлемді бейнелеуде дала мәдениетінің элементтерін визуалды шабыт көзі ретінде пайдаланғанға ұқсайды.
Аниме туралы не белгілі?
Nippon Sangoku ("Жапонияның үш патшалығы") - Икки Мацукидің мангасы желісімен түсірілген әскери-саяси аниме. Жоба анимация сүйер қауымның назарын, соның ішінде авторлар құрамымен де өзіне қаратты. Өндіріспен Kafka студиясы айналысса, визуалды стиль мен кейіпкерлер дизайнына бұған дейін "Винланд туралы сагамен" танымал болған Такахико Абиру жауапты.
Сериал не туралы?
Оқиға жақын болашақта өрбиді. Ядролық қақтығыс пен бірқатар табиғи апаттан кейін Жапония өзара жауласушы үш мемлекетке бөлініп кетеді.
Басты кейіпкер - ұзақ уақыт бойы саясаттан аулақ болуды жөн көрген қарапайым шенеунік Аотэру Мисуми. Алайда толастамаған хаос оны оқиғаларға араласып, соғысты тоқтатуға әрекет етуге мәжбүр етеді.
Сериал осы жаздың ең үздік анимелерінің тізіміне еніп үлгерді, ал оның IMDb-дегі рейтингі 8,4 балды құрайды.