Әлемдегі ең танымал YouTube-блогер MrBeast (шын есімі - Джимми Дональдсон) сүйіктісі Тея Бойсенге үйленді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазып, салтанатты рәсімнен суреттер жариялады, деп хабарлайды Tengri Life.
Жеке аралдағы той
Суретте күйеу жігіт ақ пиджак, көбелек галстук және қара шалбар киіп тұрса, қалыңдық классикалық үлгідегі той көйлегін таңдаған.
Үйлену тойынан кейінгі әсерін Тея Бойсен де бөлісті. Ол жарияланған суреттер астына былай деп жазды:
"Мен MrBeast-ті жолықтырдым, бұл өмірімдегі ең бақытты күн болды".
People басылымының мәліметінше, үйлену рәсімі британдық кәсіпкер Ричард Брэнсонға тиесілі Некер жеке аралында өтті. Салтанатты шараға 70-ке жуық қонақ шақырылды.
Мерекелік шараның басқа егжей-тегжейі туралы ерлі-зайыпты әзірге тіс жармады.
MrBeast той қарсаңында анасынан қарызға ақша алатынын айтқан
Үйлену тойы туралы жаңалық MrBeast салтанатты шараға дайындық жайлы айтып, күтпеген жерден шығындардың бір бөлігін төлеу үшін анасынан қарызға ақша алатынын мойындағаннан кейін бірнеше ай өткен соң шықты. Ол кезде көбі бұл жағдайды қаржылық қиындықтардың белгісі деп қабылдады, алайда блогердің өзі жағдайды басқаша түсіндірді.
"Жеке өзімде ақша өте аз, өйткені мен барлық қаражатты қайтадан іске жұмсаймын", - деді Дональдсон.
Business Insider мәліметінше, блогер барлық дерлік жеке табысын өзінің Beast Industries компаниясын дамытуға бағыттайды. Компания оның YouTube-арналарын, контент өндірісін, мерч саудасын және басқа да жобаларын басқарады. 2024 жылдың өзінде компания видео түсіруге шамамен 250 миллион доллар жұмсаған. Бұл ретте басылым мәліметінше, Beast Industries-тің 2025 жылғы болжамды табысы 899 миллион долларға жуықтауы мүмкін, ал бизнестің бағаланған құны 5 миллиард долларға жетуі ықтимал.
Мұндай тәсіл Дональдсон стратегиясының ажырамас бөлігіне айналғалы қашан. Оның қымбат түсірілімдері, челлендждері мен ірі ақшалай жүлделері бар ауқымды роликтері қомақты инвестицияны талап етеді, сондықтан ол бос қаражатты жобаларын дамытуға қайта құюды жөн көреді.
Тея Бойсен деген кім?
Тея Бойсен оңтүстікафрикалық стример, жазушы және нейропсихология саласының маманы. Twitch платформасында ол TheaBeasty лақап атымен трансляциялар жүргізеді, онда мыңға жуық жазылушысы бар. Instagram-да оның парақшасына 1,3 миллионнан астам қолданушы тіркелген.
Жұп 2022 жылы Оңтүстік Африкада танысқан. Олар ортақ достары ұйымдастырған кешкі ас кезінде кездейсоқ жолығып қалған. Бұған дейін Дональдсонның Теяға Рождество мерекесінде сөз салғаны, оған Теяның Оңтүстік Африкадан туыстары арнайы ұшып келгені хабарланған болатын.
MrBeast бизнесін кеңейтіп жатыр
Кейінгі айларда MrBeast медиа жобаларды ғана емес, YouTube-тен тыс бизнесті де белсенді дамытып жатыр. Қыста оған тиесілі Beast Industries компаниясының Step финтех-қосымшасын сатып алғаны белгілі болды.
Дональдсонның айтуынша, келісім идеясы оның жеке тәжірибесімен байланысты: ол жасөспірім шағында инвестиция, несие және жеке қаржыны басқару туралы білімі жетіспегенін бірнеше рет айтқан болатын. Енді ол жастарға осындай базалық білім алуға көмектескісі келеді.
Step қосымшасын сатып алу Beast Industries экожүйесін кеңейтудегі кезекті қадам болды. Контент өндіруден бөлек, компания Feastables шоколад брендін, Beast Philanthropy қайырымдылық бағытын, Beast Games шоуын дамытып, сондай-ақ технология, тамақ және мобильді байланыс саласындағы жаңа жобалармен жұмыс істейді. Дональдсонның пікірінше, жаңа бағыттарды дамыту аудиторияға ойын-сауық контентінен тыс өнімдер жасауға мүмкіндік береді.
Пікірлерді оқу