Жүлдені сыйға тартты: аттан құлаған қазақстандықтың орнына жарысты жалғастырған қырғыз бала қошеметке кенелді

Иконка просмотров страница
Иконка комментария страница

Бөлісу

Бейнеден алынған кадр

Қырғызстанда өткен халықаралық бәйге кезінде ерекше оқиға болды. Қазақстандық шабандоз аттан құлап қалған соң, 11 жастағы қырғыз баласы Әлихан Асқарбеков бос қалған атты ұстап алып, жарысты жалғастырды және мәреге үшінші болып келді. Кейінірек қазақстандық команда барлық жүлде ақшасын балаға табыстады. Бұл оқиға екі ел арасындағы достық туралы жылы лебіздің тууына себеп болды, - деп хабарлайды Tengri Life.


Бәрі қалай басталды?

21 шілдеде Ыстықкөл облысында "Ыстықкөл кубогы - 2026" халықаралық жарысы өтті. Бағдарламаға аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге, қысқа қашықтыққа шабу және чоң жорго жарысы енді. Турнирге Қырғызстанның түкпір-түкпірінен келген шабандоздар мен сәйгүліктер, сондай-ақ Қазақстаннан келген қонақтар қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар, соның ішінде Toyota Camry 80 және Changan автокөліктері табысталды.

Жарнама
Жарнама
@aqanserri

Ысық-Көл кубогы 2026🇰🇬 Шаңқобыз, Әлихан Асқарбеков🔥

♬ түпнұсқа дыбыс - aqan seri

Қазақстандық команданың жаттықтырушысы Жамбыл Бөбекбайдың айтуынша, бұл оқиға Ерсұлтан басқа дисциплинада сәтті өнер көрсеткеннен кейін болған.

"Бұған дейін біз топ бәйгеде жеңіске жеткен болатынбыз - онда Ерсұлтан шапты. Содан кейін ол аламан бәйге үшін басқа атқа мінді. Сөреге бара жатқанда, ат сүрініп кетіп, ол құлап қалды. Ат үш айналым бойы өзі шауып жүрді. Содан кейін осы қырғыз баласы атқа мініп, әрі қарай жарысты жалғастырды", - деді жаттықтырушы.

Оның сөзінше, Әлихан жарысқа мүлде қатыспаған.

"Олар ол жерде көрермен ретінде тұрған. Ағасы екеуі бәйгені тамашалап отырып, аттың бос шауып жүргенін көрген. Бірінші айналымда ұстамақ болған - сәтсіз, екіншісінде де солай. Үшінші айналымда ұстап алыпты. Қалай ұстағанын білмеймін, бірақ бала атқа мініп, әрі қарай шауып кетті", - деп еске алады Жамбыл Бөбекбай.

Неге жарыс тоқтатылмады?

Жаттықтырушы мұндай жағдайға жарыс ережесі бойынша рұқсат етілетін-етілмейтінін білу үшін бірден бас төрешіге жүгінгенін айтты.

"Бізде Қазақстанда бұған тыйым салынған. Мен бас төрешіге барып: "Сіздерде бұған рұқсат па?" - деп сұрадым. Олар егер ат мәреге келсе, нәтиже есептелетінін айтты. Сондықтан біз оны тоқтатпадық", - деп түсіндірді ол.

Нәтижесінде ат мәре сызығын үшінші болып кесті.

Қазақстандық команда барлық ұтысты Әлиханға берген

Үшінші орын үшін 250 мың сом сыйақы берілді. Жамбыл Бөбекбайдың айтуынша, команда бұл ақшаны толығымен Әлиханға беруді ұйғарған.

"Біз командамен ақылдаса келе, бүкіл ұтысты осы балаға сыйлауды шештік. Өзімізге ештеңе қалдырмадық. Алғыс ретінде бәрін оған бердік", - деді жаттықтырушы.

Сондай-ақ ол ақшаны табыстау сәті ашық түрде, куәгерлер мен камералардың алдында өткенін атап өтті.

Ерсұлтан Әлиханды мәреге дейін қолдап тұрды

Құлап қалғанына қарамастан, Ерсұлтанның өзі мұңаймаған. Жаттықтырушының айтуынша, шабандоз ауыр жарақат алмаған.

"Жоқ, ол өте қуанышты. Оның аттың жанында бірге жүгіріп: "Кәне, кәне!" - деп демеу беріп жүрген видеосы бар. Ол баламен бірге шауып, оны жігерлендіріп отырды", - деді жаттықтырушы.

Ерсұлтан 11 жаста. Тәлімгерінің айтуынша, ол бәйгемен айналысып жүргеніне екінші жыл, ал бұл оқиғадан сәл бұрын топ бәйгеде жеңіске жеткен.

Айта кетейік, дәл осы Ыстықкөлдегі турнирде Ерсұлтан бірінші қашықтықта өміріндегі алғашқы көлігін ұтып алды.

Ал ұтып алған көлікті команда сол жерде 11 мың долларға сатып жіберген. Бұл көлікті Қазақстанға әкелу кезіндегі қиындықтарды болдырмау үшін және түскен ақшаны көмекшілер мен шабандоздарды қоса алғанда, бүкіл команда арасында бөлу үшін жасалған.

Айта кету керек, Ерсұлтанды дайындаған - бәйге әлеміне танымал қазақстандық жаттықтырушы Жамбыл Бөбекбай.

Кейінгі жылдары оның шәкірттері Қазақстандағы ең ірі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері атанды. Бөбекбайдың өзі еліміздегі ең табысты жаттықтырушылардың бірі саналады, ал оның командасы ірі турнирлерде үнемі фавориттер қатарында болады.

"Өз үйімізде жүргендей болдық": қазақстандық команданы Қырғызстанда қалай қарсы алды?

Жамбыл Бөбекбай жарыстың атмосферасы мен Қазақстаннан келген қонақтарға көрсетілген құрмет туралы бөлек айтып берді.

"Бізді өте жылы қарсы алды. Барлығы қонақжай, мейірімді, қамқор, ешқандай қысым сезілмеді", - дейді ол.

Жаттықтырушының айтуынша, мұндай қарым-қатынас өзара сабақтас.

"Олар бізге, Қазақстанға келгенде, біз де оларды осылай қарсы аламыз. Соның арқасында олар да бізді осындай ықыласпен қабылдады", - деп қосты ол.

Әлиханның өзі не дейді?

Кейінірек Әлиханның өзі иесіз шауып бара жатқан атты көргенде көп ойланбағанын айтты. Ол жарысты жалғастырып көруге бел буған. Болған жайтты жақсы тәжірибе деп атап, қазақстандық тарапқа сыйлық үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, бала әлеуметтік желі қолданушылары жаппай таратқан мына бір сөзді қоса кетті:

"Қазақ-қырғыз бір туған".

Суретті Жамбыл ұсынды

Әлеуметтік желі реакциясы

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Әлихан түскен видеоның астына Қазақстан мен Қырғызстаннан жүздеген пікір жазылды. Қолданушылардың көпшілігі екі халықтың өзара көмегі мен бауырластығы туралы жазды.

"Қырғыз бен қазақ – бір туған! Достығымыз мәңгі жасасын!", "Халықтар осылай достасуы керек. Бір-бірімізден мін іздегенше, достық іздегеніміз абзал", "Балалар бізге үлгі көрсетіп жатқан сияқты. Жас болса да, олар бір-біріне қалай қолдау көрсету керек екенін дәлелдеді", - деп жазды желі қолданушылары.

Көпшілік ат иесіне және бүкіл ақшалай жүлдені Әлиханға беру туралы шешім қабылдаған қазақстандық командаға алғыс айтты.

"Ат иесі жарайсың", "Нағыз ер жігітке тән әрекет болды", "Екі бала да нағыз мықтылар", - деді пікір қалдырушылар.

Осы уақытта қазақстандық команда Алматыға оралып, келесі жарыстарға дайындалып жатыр. Олар Қырғызстандағы ұйымдастырушылар мен көрермендер тарапынан ерекше ықылас пен қонақжайлықты сезінгендерін атап өтті. Ал жарыстағы бұл оқиға әлеуметтік желілерде танымал бола түсті.

Пікірлерді оқу

Тағы оқыңыз
Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама