Кисло-Сладкий лақап атымен танымал рэп орындаушы Дархан Жұмабек әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция мәліметінше, оның түнгі клубтардың бірінде қоғамдық тәртіпті бұзып, өзін ерсі ұстаған видеосы тексеруге негіз болған, деп хабарлайды Tengri Life.
Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға қаладағы клубтардың бірінде болғанын хабарлады.
"Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өзін әнші ретінде таныстыратын азаматтың ойын-сауық мекемесінде жартылай жалаңаш күйде әдепсіз әрекеттер жасап, былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады. Сонымен қатар ол өз әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған", - делінген хабарламада.
Рэп орындаушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
"Алматының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен оған 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды. Мұндай әрекеттер қоғамға деген ашық құрметсіздік көрінісі. Азаматтың танымалдығы мен мәртебесіне қарамастан, әрбір адам қоғамдық орындарда заң талаптары мен әдеп нормаларын сақтауға міндетті", - деп толықтырды полиция.
Бұған дейін рэпер De Lacure Алматыдағы YouTube-шоудың түсірілімі кезінде қоғамда резонанс тудырған оқиғаны айтып берген болатын. Кейін әртіс полицияға жеткізілгені белгілі болды.
Кисло-Сладкий деген кім?
Кисло-Сладкий (Дархан Жұмабек) — қазақстандық рэп орындаушы, 1999 жылы 9 сәуірде Алматы облысының Шелек ауылында дүниеге келген. Ол "Пиридай" сияқты бірнеше танымал тректі шығарған "Кисло-Сладкий & Bonah" хип-хоп дуэтінің мүшесі ретінде танымал болды. Кейін әртіс жеке шығармашылық жолын бастады.