2026 жылғы 12 тамызда бірқатар ел тұрғындары жылдың ең елеулі астрономиялық оқиғаларының бірі - Күннің толық тұтылуын тамашалай алады. Бұл күні кейбір бақылаушылар үшін Ай Күн дискісін толығымен жауып тастайды, ал Солтүстік жарты шардағы миллиондаған адам оның жартылай тұтылуын көреді, деп хабарлайды Tengri Life.
2026 жылғы 12 тамызда бірқатар ел тұрғындары жылдың ең елеулі астрономиялық оқиғаларының бірі - Күннің толық тұтылуын тамашалай алады. Бұл күні кейбір бақылаушылар үшін Ай Күн дискісін толығымен жауып тастайды, ал Солтүстік жарты шардағы миллиондаған адам оның жартылай тұтылуын көреді, деп хабарлайды Tengri Life.
Айдың көлеңкесі Гренландия, Исландия, Ресейдің солтүстігі, Атлант мұхиты, Испания және Португалияның шағын бөлігі арқылы өтеді. Еуропаның өзге аймақтарында, Солтүстік Америка мен Солтүстік-Батыс Африкада тұтылу жартылай болады.
Скриншот: NASA
Толық тұтылуды қай жерден көруге болады?
Тұтылудың толық фазасы бірнеше ел мен аймақты кесіп өтетін салыстырмалы түрде тар жолақта байқалады. Дәл осы жерлерде Ай қысқа уақытқа Күнді толық жабады.
NASA мәліметінше, 2026 жылғы 12 тамыздағы Күннің толық тұтылуы Гренландия, Исландия, Ресейдің солтүстігі, Атлант мұхиты, Испания және Португалияның солтүстік-батысындағы шағын аумақ арқылы өтеді.
Толық фазаның басталу уақыты аймаққа байланысты өзгереді. Мәселен, Ресейдің қиыр солтүстігінде толық фаза тал түске сәйкес келеді. Гренландия мен Исландияда Күн Айдың артына күннің екінші жартысында немесе кешке қарай жасырынады. Ал Испания мен Португалияның солтүстік-батысында максималды фаза кешкі уақытта, күн батар алдында болады.
Толық фаза қанша уақытқа созылады?
Күннің толық тұтылуы салыстырмалы түрде қысқа болады.
NASA мамандарының айтуынша, бақылаушылардың көпшілігі үшін толық фазаның ұзақтығы екі минуттан аспайды. Гренландиядағы, Атлант мұхитының солтүстік бөлігіндегі немесе Ресейдің солтүстігіндегі көлеңке өтетін орталық сызыққа барынша жақын орналасқандар үшін ол сәл ұзағырақ болады. Бірақ ол жерлерде де толық фаза екі жарым минуттан аспайды.
Дәл осы қысқа сәттерде құбылыстың ең әсерлі бөлігін - Күннің жарқыраған беті Аймен толық көлегейленген сәтін көруге болады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Жартылай тұтылуды миллиондаған адам көреді
Жартылай тұтылу аймағы әлдеқайда кең аумақты қамтиды.
Бұл құбылысты Еуропаның басым бөлігінің, Канаданың түгелге жуық, АҚШ-тың солтүстік аудандарының - Аляскадан Солтүстік Каролинаға дейінгі, сондай-ақ Солтүстік-Батыс Африканың тұрғындары бақылай алады.
Канаданың оңтүстігі мен АҚШ-тың басым бөлігінде тұтылу Күн дискісінің кішкене бір шеті "кемірілгендей" болып көрінеді. Аймақ толық фаза жолағына неғұрлым жақын болса, Ай Күнді соғұрлым көбірек жабады.
Еуропа мен Солтүстік-Батыс Африкада көптеген бақылаушы Айдың Күн дискісінің едәуір бөлігін жапқанын көреді.
Сирек мүмкіндік
Тамыздағы тұтылудың ерекшелігі - бақылау аймағының батыс бөлігіндегі тұрғындар үшін ерекше көрініс болады.
Материктік Еуропа мен Африканың бірқатар ауданында Күн жартылай тұтылған күйі көкжиекке бата бастайды. Бұл "батып бара жатқан Күннің тұтылуы" деп аталатын - күннің батуы мен тұтылуының сирек үйлесімін көруге мүмкіндік береді.
Күнге қорғаныссыз қашан қарауға болады?
Мамандар Күнге қорғаныссыз тек тұтылудың толық фазасы кезінде және Ай Күн дискісін толығымен жауып тұрған жерлерде ғана қарауға болатынын айтады.
"Ай Күннің жарқыраған бетін толығымен бұғаттаған толық фазаның қысқа сәттерінде ғана бақылаушылар тұтылуды көзді қорғаусыз тамашалай алады", - делінген NASA ұсынымдарында.
Толық фазадан кейін жарқыраған күн дискісінің сәл де болса бір бөлігі көріне салысымен, қорғаныс құралдарын қайта пайдалану қажет.
Толық тұтылу жолағынан тыс жерде орналасқан барлық басқа бақылаушылар үшін арнайы қорғаныссыз Күнге тіке қарау құбылыс бойы қауіпті болып қала береді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Бақылау үшін қандай көзілдірік қолайлы?
Тұтылудың жартылай фазаларын бақылау үшін Күнді бақылауға арналған арнайы көзілдіріктерді немесе сертификатталған күн сүзгілерін пайдалану қажет.
NASA қараңғылану дәрежесіне қарамастан, қарапайым күн көзілдірігі бұл үшін жарамайтынын ескертеді.
Қауіпсіз бақылау құралдары ISO 12312-2 халықаралық стандартына сәйкес келуі тиіс.
Мамандар көзілдірікті немесе сүзгіні қолданар алдында онда сызаттар, жыртықтар және басқа да зақымдардың бар-жоғын тексеруді ұсынады. Егер қорғаныс экраны зақымдалса, оны пайдалануға болмайды.
Неліктен дүрбі немесе телескоппен қарауға болмайды?
Оптикалық аспаптарға қатысты бөлек ескерту бар.
Адам тұтылуға арналған арнайы көзілдірік кисе де, құрылғының алдыңғы жағына орнатылған арнайы күн сүзгілері болмаса, Күнге фотоаппарат объективі, дүрбі немесе телескоп арқылы қарауға болмайды.
"Шоғырланған күн сәулелері сүзгіні күйдіріп жіберіп, көздің ауыр жарақатына әкелуі мүмкін", - деп ескертеді NASA мамандары.
Телескоптар, камералар мен дүрбілер үшін дәл осындай құрылғыларға арналған бөлек күн сүзгілері қажет.
Тұтылуды арнайы көзілдіріксіз қалай бақылауға болады?
Егер арнайы көзілдірік болмаса, мамандар жанама бақылау әдістерін қолдануға кеңес береді.
Ең қарапайым нұсқалардың бірі - шағын саңылауы бар проектор. Күн сәулесі кішкентай саңылау арқылы Күннің кескінін ашық түсті бетке түсіреді, бұл оның пішінінің өзгеруін көру қабілетіне қауіп төндірмей бақылауға мүмкіндік береді.
Осыған ұқсас әсерді табиғаттан да көруге болады. Күннің жартылай тұтылуы кезінде ағаш жапырақтарының арасындағы саңылаулар көптеген ұсақ тесіктер сияқты жұмыс істеп, жерде күн жарты айының бейнелерін түсіреді.
Тағы нені ескерген жөн?
Толық күн тұтылуы жартылай фазаларының басынан аяғына дейін бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Сондықтан мамандар теріні қорғауды да ұмытпауға кеңес береді.
Күн дискісінің бір бөлігі Аймен жабылған кездің өзінде күн радиациясы өте қарқынды болып қала береді. Ашық аспан астында бұл құбылысты ұзақ уақыт бақылауды жоспарлағандарға күннен қорғайтын иісмай, бас киім және тікелей күн сәулесінен қорғайтын киім кию ұсынылады.
Тағы оқыңыз: Күнде қуатты жарқыл байқалды