Мексиканың Халиско штатында полиция әлеуметтік желілерде "мексикалық Бэтмен" атанып кеткен белгісіз адамды іздестіріп жатыр. Тергеу мәліметтері бойынша, бетперде киген адам мотоцикл ұрлады деген күдіктілерді аңдып, оларды соққыға жығады және көше бағанасына берік скотчпен байлап кетеді, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі NDTV-ке сілтеме жасап.
Мексиканың Халиско штатында полиция әлеуметтік желілерде "мексикалық Бэтмен" атанып кеткен белгісіз адамды іздестіріп жатыр. Тергеу мәліметтері бойынша, бетперде киген адам мотоцикл ұрлады деген күдіктілерді аңдып, оларды соққыға жығады және көше бағанасына берік скотчпен байлап кетеді, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі NDTV-ке сілтеме жасап.
Мұндай алғашқы жағдай 13 маусымда тіркелді. Кейінгі он күн ішінде тергеушілер осыған ұқсас кем дегенде бес эпизодты есепке алды.
Күдіктілерді шам бағанасына байлап кеткен
Оқиға Лагос-де-Морено муниципалитетінде болып жатыр. Барлық жағдайда ер адамдар шам бағанасына берік скотчпен байланған күйде табылған. Олардың қасында ұрланған болуы мүмкін мотоциклдер де қалдырылған.
Әлеуметтік желілерде тараған суреттерден ұсталғандардың кейбірінің бетіне мұрт пен мысықтың мұртшалары салынғанын, ал маңдайына испан тілінен аударғанда "ұры" деген мағынаны білдіретін "ratero" сөзі жазылғанын көруге болады. Эпизодтар бірінде екі ер адамды ашық қызғылт түсті жол белгісі астына бір-біріне теріс қаратып байлап тастаған.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, белгісіз адам тек түнде әрекет етеді.
🇲🇽 Мексикалық Бэтмен плащтың орнына скотч қолданады
— Mario Nawfal (@MarioNawfal) June 27, 2026
Халиско штатындағы Лагос-де-Моренода біреу полицияны күтуден жалығып, іске өзі кіріскен сияқты.
Оның әдісі Готэмдікінен гөрі шаруашылық дүкеніне жақынырақ: түнде мотоцикл ұрыларын аулап, оларды бағанаға скотчпен таңып кетеді... pic.twitter.com/SZMztLETWa
Полиция "мексикалық Бэтменді" іздестіріп жатыр
Әлеуметтік желілерде ұсталғандарды көбі ұры деп атағанымен, полиция оларды алдымен шабуыл жасау ісі бойынша зардап шегушілер ретінде қарастырып жатыр.
Халиско штатының қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі хатшысы Хуан Пабло Эрнандес құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы болуы мүмкін екі автокөлікті анықтағанын хабарлады.
"Біз осы шабуылдарға қатысы бар адамды белсенді түрде іздестіріп жатырмыз", - деп мәлімдеді Хуан Пабло Эрнандес.
Сондай-ақ тергеу бұл бір адамның әрекеті ме, әлде тұтас топ туралы сөз болып отыр ма, соны анықтап жатыр.
Байланып тұрған күйде табылған ер адамдарды полицейлер босатты. Алған жарақаттарына байланысты олардың барлығына медициналық көмек көрсетілді. Бұл ретте билік зардап шеккендерге қатысты мотоцикл ұрлығы бойынша бөлек тергеу жүріп жатқан-жатпағанын әлі нақтылаған жоқ.
Мексикада түнде ұрыларды аулайтын нағыз «Лагос-де-Морено Бэтмені» пайда болды pic.twitter.com/q8XgDgLReR
— Interesting things (@awkwardgoogle) 29 маусым, 2026
Оқиға қызу пікірталас тудырды
Осы ерекше оқиғалар сериясы Лагос-де-Моренода мотоцикл ұрлығының көбеюі аясында өрбіді. Бұл жергілікті тұрғындар арасындағы наразылықты күшейтіп, оқиғаның интернетте кеңінен талқылануына түрткі болды.
Видеолар мен суреттер TikTok, X және Instagram желілерінде тез тарап кетті. Көптеген желі қолданушысы белгісіз адамның әрекетін қолдап, ол жүйе дәрменсіз болған жерде қылмыспен күресіп жатыр деп есептейді.
Дегенмен, бұл істі сынаушылар да табылды. Құқық қорғаушылар өз бетінше жазалау зорлық-зомбылықтың одан әрі өршуіне әкеліп соғатынын және зардап шеккендер расында қылмыс жасағанына қарамастан, сот жүйесінің жұмысына нұқсан келтіретінін ескертеді.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеуді жалғастырып жатыр.
Тағы оқыңыз: Шетелдіктер Қазақстанға таңғалып, оны жаңа әлемдік орталыққа айналдыруды ұсынды