Помпейдегі жанартау құрбандарының сүйектерін зерттеген ғалымдар таңғаларлық жаңалық ашты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Помпейдегі жанартау құрбандарының сүйектерін зерттеген ғалымдар таңғаларлық жаңалық ашты Euronews

Ғалымдар біздің дәуіріміздің 79 жылы Везувий жанартауы атқылаған кезде Помпей қаласында қаза тапқан адамдардың бірінің мамандығын анықтай алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Ғалымдар біздің дәуіріміздің 79 жылы Везувий жанартауы атқылаған кезде Помпей қаласында қаза тапқан адамдардың бірінің мамандығын анықтай алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл таңғаларлық жаңалық озық технологиялардың көмегімен жасалды. Зерттеушілер 1961 жылы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қалдықтарды зерттей отырып, марқұмның жеке заттарын анықтаған. Олардың арасында металл бөлшектері бар органикалық материалдан жасалған шағын қобдиша, ішінде қола және күміс монеталар салынған мата қалта, сондай-ақ, медициналық қобдишаға тиесілі болуы мүмкін бірқатар құрал болған.

"Гипс қалыптағы құрбандардың бірінің қасынан бір зат табылды. Бастапқыда оның не екенін түсінбедік. Кейін компьютерлік томография жасап, бұл адамның дәрігер болуы мүмкін екенін анықтадық. Ол өзімен бірге шағын грифель тақта, хирургиялық құралдар, скальпельдер алып жүрген. Мұның бәрі органикалық материалдан жасалған контейнердің ішінде болған", - деді Помпей археологиялық паркінің директоры Габриэль Цухтригель.

Жасанды интеллект арқылы сканерлеу және үшөлшемді реконструкция сияқты диагностикалық әдістерді қолдану гипс қалыптың бүтіндігін бұзбай, оның ішіндегі заттарды зерттеуге мүмкіндік берді. Мұндай тәсіл Помпейден табылған қалыптарды зерттеуге жаңа жол ашады.

"Бұл адам қашып бара жатқанда өзімен бірге еңбек құралдарын, өз кәсібіне қажет заттарын алып шыққан. Ол, сірә, бұл мамандықпен тек жұмыс уақытында емес, бүкіл өмір бойы айналысқан. Тіпті өзінің және тағы 13 адамның - ерлердің, әйелдер мен балалардың өмірін қиған сол қайғылы сәтте де қобдишасы жанында болған", - деп атап өтті Цухтригель.

Бұл жаңалық археологтар, реставраторлар, антропологтар, археоботаниктер, нумизматтар, радиологтар, диагностика және цифрлық модельдеу мамандарының пәнаралық ғылыми жұмысының нәтижесінде жасалды.

Tengrinews