TikTok-тағы танымал тренд қазақстандық шенеуніктерге де жетті. Бұл жолы танымал "Үмітсіз үй шаруасындағы әйелдер" (Desperate Housewives) сериалы стиліндегі видеоның кейіпкері Сәтбаев әкімі Мұрат Бөрібаев болды, деп хабарлайды Tengri Life.
TikTok-тағы жаңа тренд
Кейінгі апталарда әлеуметтік желіде "Үмітсіз үй шаруасындағы әйелдер" сериалынан шабыт алған тренд тарады. Желі қолданушылары сериалдағы баяндаушының атақты сөзін алып, кейіпкерлердің орнына өз есімдерін, махаббат хикаяларын, отбасылық сәттерін немесе жетістіктерін қойып, дыбыстайды.
Түпнұсқада кадр сыртындағы дауыс былай дейді:
"Карлос Солис әйелін бәрінен де артық жақсы көрді. Бірақ әйелінің басына күн туған сәттерде, Карлос оны сәл қаттырақ жақсы көретін".
Қазір бұл формат үйлену тойы, туған күнмен құттықтау, отбасылық видеолар, корпоративтік оқиғаларда да қолданылып жүр.
"Үмітсіз үй шаруасындағы әйелдер" стиліндегі әкім
Қазақстандық пабликтердің бірі осы вирустық трендті қайталауды ұйғарған. Роликтің басты кейіпкері Сәтбаев әкімі Мұрат Бөрібаев болды.
Видеода таныс дауыстың сүйемелдеуімен мынадай мәтін оқылады.
"Мұрат Бөрібаев асқақ сөздерді ұнатпайтын. Ол тек іспен дәлелдейтін. Қала ұйықтап жатқанда, ол жұмысқа кірісіп кететін. Біреулер талқылап жатқанда, ол мәселені шешетін..."
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Сондай-ақ авторлар Бөрібаевтің қала әкімі болып тағайындалғанына екі жыл толғанын еске салды.
Ролик сипаттамасында осы уақыт ішінде Сәтбаевта инфрақұрылым жаңартылып, көшелер мен аулалар абаттандырылғаны, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандар жаңғыртылғаны айтылған. Сонымен қатар авторлар қала алдында жаңа міндеттер тұрғанын және Сәтбаевты дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Желідегі реакция
Ролик желі қолданушыларының назарын тез аударды. Жазба астындағы пікірлерде жұртшылық әкімнің жұмысына түрлі баға берді. Бірі атқарылған істер үшін алғыс айтса, енді бірі қаланы абаттандыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
- "Үмітсіз қала билеушісі. Дыбысталуы - топ".
- "Ең үздік әкім".
- "Жарықсыз қалған екі зейнеткердің өмір сүру сапасын жақсартқаныңыз үшін рақмет. Сіз ең керемет жансыз!"
- "Алаңнан көліктері мен велосипедтері бар коммерсанттарды да алып тастасаңыздар екен".
- "Жарайсыз".
- "Бөрібаев келгелі қала тазарып, көшедегі жолдар кеңейді, бұрын екі көлік сыйыспайтын өте тар болатын. Аулаларда, ақыры, балалар алаңқайлары салына бастады, жасыл желектерді суару жүйелі түрде жүргізіліп жатыр және тағы басқа жұмыстар атқарылып жатыр. Кабинетте тығылып отырмайды, қаланы үнемі аралап шығады, мәселелерді есептерден емес, өз көзімен көріп біледі. Мүмкін барлық мәселе шешілмеген болар, бірақ олар шешіліп жатыр.
- Жас, болашағы бар маман".
- "Жастар үшін бірдеңе тұрғызыңыздаршы".
Бұл арада видеоның танымалдылығы арта түсуде.
Тағы оқыңыз: TikTok-тағы жаңа тренд қауіпті болуы мүмкін. Ата-аналар дамплингке қатысты алаңдатарлық жайтты хабарлады