1. Басты
  2. Біл
  3. Техно
  4. Денсаулық

"Жарнама, достары, тәуелділік". Психолог балалар алкоголизмінің кезеңдерін атады14 тамыз 2020, 12:18

фото: pixabay.com фото: pixabay.com

Жасөспірімнің алкоголь, есірткіге тәуелді болуына ауладағы достары, психологиялық күйі, жарнама роликтері және тағы басқа әсер ететін фактор көп. Бұл туралы психолог, педагогика жане психология ғылымдарынын магистры Ақгүл Молдабекова айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Депутат Сәуле Айтбаева Сенат отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы наркомания, алкогольдің етек жайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Ол бірнеше статискалық мәліметтер келтірді. Қазақстанда 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40 пайызғы жуығы алкоголь ішеді. Оқушылар арасында 13-15 жастағылардың 14,8 пайызы темекі шегеді, 12-15 жастағы жасөспірімдердің 18,1 пайызы, ал 15-17 жастағылардың 37 пайызы алкоголь ішеді. Балалардың көбі және жастардың тоқсан пайызы дерлік наркомания, темекі тарту, алкоголь ішудің салдары туралы білмейді немесе түсінбейді", - деп келтірді психолог "Темекі тарту, алкоголизм, наркомания - жасөспірімдердің әлеуметтік ортаға бейімделуінің проблемасы" тақырыбында өткен онлайн-тренингте.

Маман жасөспірімдердің мұндай жат қылықтарға тап болуына ықпал ететін психологиялық факторлардың көп екенін атап өтті.

"Балалар алкоголизмі - үлкендерге қарағанда аса қауіпті. Бұл балалардың ағзасы мен алкогольге тез ынтық болуына байланысты. Ал жасөсіпірім немесе бозбала кезде (13-18 жас) қалыптасатын алкоголизмді ерте деп атайды. Жасөспірім кезеңінде алкоголь аурудың жылдам дамуына ықпал етуі мүмкін. (...) Психологиялық тұрғыдан айтсақ, олар көп. Тіпті телеарналардағы сыраны жарнамалайтын роликтер де баланың әлі толық қалыптаспаған психикасына әсер етеді. Яғни, бала оған тыйым салынғанын білмей тұрып, жарнаманы көреді", - деді ол.

Сондай-ақ психолог жасөспірімдердің арасындағы алкоголизмнің бес кезеңін атады.

"Бірінші кезеңі бірнеше айға созылады, ол кезде бала спирті бар ішімдіктерге бейімделе бастайды. Оған ауладағы араласатын балалары әсер ететінін атап өткен жөн. Екінші кезең бір жылға жуық уақыт болады. Бұл кезеңде бала өзімен жасты жасөспірімдермен жүйелі түрде ішеді. Үшінші кезеңде алкогольден тұрақты психологиялық тәуелділік пайда болады. Бірнеше жылға созылады. Бұл кезде бала қанша алкоголь ішкенін білмей қалады. Оны үлкен дозалармен іше бастайды. Сөйтіп алкоголизмнің алғашқы сатысына түседі.

Төртінші кезең мастықтың белгілері байқалады. Үлкендерге қарағанда балаларда бұл синдром тұрақты емес. Қысқа мерзімді болып келеді және алкогольді көп мөлшерде ішкенде білінеді. Соңғы бесінші кезең алкогольге тәуелділік қатты білінеді. Алдымен психопатизациялық симптомдары білінеді. Жасөспірім ашушаң, тұрақсыз болады. Ол сабаққа мүлдем қызықпайды және сабаққа бармайды. Тіпті сабаққа дайындалғанмен бағасы төмен болады. Алкогольге тәуелділік күшейгенмен, оған ақшасы болмаған соң, жасөспірім оның орнына ацетон, басқа ерітінділерді ішеді, есірткі шегіп көре бастайды", - деп ескертті психолог.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!