1. Басты
  2. Біл
  3. Техно
  4. Денсаулық

Нұр-Сұлтанда коронавирусты симптомсыз тасымалдаушылар онлайн тексеріледі

Фото: astana.gov.kz Фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтанда медицина қызметкерлері коронавирусты симптомсыз тасымалдайтын науқастардың денсаулығын онлайн бақылап, кеңес береді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұрын симптомсыз тасымалдаушылар үй карантинінде болуы керегі туралы хабарланған болатын. Елорда әкімі Алтай Көлгінов  қалалық және жеке клиникалардың бас дәрігерлерімен, ауруханалардың, талдау орталықтарының басшыларымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен онлайн-кездесу өткізді.

 

"Қазір көптеген өтініш түсіп жатыр, соның ішінде iKomek орталығы арқылы біздің тұрғындардан, үйде карантинде отырған және ауру белгілері бар адамдардан түседі. Әр пациентпен жеке жұмыс істеу керек. Бұған біз жасаған электронды карантиндік қосымшаның көмегі зор. Бірақ бірқатар шағым бар. Шағымдардың көпшілігі № 6, 10 емханаға және "Шипагер"» отбасылық денсаулық орталығына келіп түседі.

Дәрігерлер Zoom арқылы коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларымен онлайн-кездесулер өткізуі керек: сұрақтарға жауап беріп, олардың денсаулығын бақылап, пациенттердің өзін-өзі оқшаулау режимін ұстануын қамтамасыз етуі керек. Науқаспен кері байланысы үшін басқа байланыс арналарын да қолдану мүмкіндігі бар. Симптомдар пайда болған жағдайда науқас ауруханаға жатқызылуы керек. Вирус ешқайда кеткен жоқ, сондықтан қатаң санитарлық нормаларды сақтау керек. Індеттің жаңа толқынына дайын болуымыз керек", – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Елорданың медициналық мекемелері қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген, барлық ауруханада жеке қорғаныс құралдары, дезинфекциялық туннельдер, дәрігерлік амбулаторияларда тепловизорлар орнатылған. Бұл ғимаратқа кірген адамдардың температурасын жанасусыз өлшеуге мүмкіндік береді. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен емханалар мен ауруханалар аумағындағы дезинфекциялық туннельдер мен тепловизорлар саны артады.

Нұр-Сұлтанда жалпы 2644 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді. 13 маусымдағы жағдай бойынша 1893 науқас (70%) емделіп шықты. Ауруханаларда 700-ден астам адам емделіп жатыр. Олардың жартысында пневмония диагнозы расталды. Коронавирустың науқастарға залалы түбегейлі жойлып кетпейді. Инфекция тек өкпеге ғана әсер етпейді – тіндік фиброз түрінде ошақтар пайда болады, сонымен қатар бауырға, бүйрекке, жүрекке және миға әсер етуі мүмкін.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова санитарлық нормаларды қатаң сақтау керек екенін атап өтті.

"Міне, бірнеше ай бойы медицина қызметкерлері қарқынды режимде жұмыс істеп келеді. Азаматтар тек өздеріне ғана емес, дәрігерлерге де көмектесуі керек. Немқұрайлылық денсаулыққа зиян тигізбеуі керек. Санитарлық нормаларды сақтамау қалалық ауруханалардың толып кетуіне және бұл дәрігерлер әр науқасқа уақытылы көмек көрсете алмауына әкелуі мүмкін. Олардың ішінде сіздің жақындарыңыз да болуы мүмкін. Тіпті дені сау және жас адамдар да қарсы тұра алмайтын аса қауіпті инфекцияға сақтықпен қарау керек", - деді Қисықова. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!