Қазақстанда гранттар жаңаша беріледі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда гранттар жаңаша беріледі Фото:depositphotos.com

Жоғары оқу орындары мен магистратураға түсушілерді грант алудың жаңа ережелері күтіп тұр. Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданыстағы бұйрыққа тиісті түзетулер дайындады, деп хабарлайды Tengri Education.


Жоғары оқу орындары мен магистратураға түсушілерді грант алудың жаңа ережелері күтіп тұр. Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданыстағы бұйрыққа тиісті түзетулер дайындады, деп хабарлайды Tengri Education.

Бұйрыққа 2026 жылғы 23 сәуірде қол қойылып, келесі күні Әділет министрлігінде тіркелді. Өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылдың күзінде күшіне енеді.

Өзгерістер бірнеше бағытты қамтиды: өтініш беру тәртібі, жоғары оқу орындарының рейтингін ескеру, ҰБТ-ның төменгі шекті балдары және жекелеген өңірлер үшін гранттарды бөлу.

Сондай-ақ түзетулерға сәйкес шетелдік білім туралы құжаттарды тану тәртібі жаңартылды. Ережелерде Ғылым министрлігінің шетелдік дипломдарды тануды реттейтін 2023 жылғы қолданыстағы бұйрығына сілтеме пайда болды.

Гранттар қалай бөлінеді?

Басты өзгерістердің бірі мемлекет университеттер арасында білім беру тапсырысын қалай бөлетініне қатысты.

Енді жоғары оқу орындарының тізімі мен гранттар көлемін Республикалық комиссия "ЖЖОКБҰ саралау нәтижелерін ескере отырып" айқындайды. Бұл жерде "Білім туралы" заңға сәйкес жүргізілетін жоғары оқу орындарының ресми рейтингі туралы сөз болып отыр.

"Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған, оның ішінде батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген жастарды жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқыту үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін көрсете отырып, ЖЖОКБҰ тізбесін ЖЖОКБҰ саралау нәтижелерін ескере отырып Республикалық комиссия айқындайды", - делінген құжатта.

Бұл гранттарды бөлу кезінде мемлекет университеттердің бағалау жүйесіндегі орнын ескеретінін білдіреді.

Сонымен қатар енді конкурс өткізу кезінде жоғары оқу орындарының өздері саралау нәтижелерін ескере отырып белгілеген шекті балдары да есепке алынады.

Ережеде гранттарды ҰБТ нәтижелері бойынша бөлудің конкурстық жүйесі сақталған.

Құжатта батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлердің жастарына арналған гранттар бөлек атап өтілген. Олар да осы жүйе арқылы бөлінеді.

Өтініш беру процедурасы қалай өзгереді?

Ережеде гранттар конкурсына құжат тапсыру тәртібі нақтыланды.

Талапкерлер өтінішті мына жолдармен бере алады:

  • жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы;
  • "электрондық үкімет" порталы арқылы.

Мұндай тәртіп жалпы конкурс үшін де, батыс, халық тығыз орналасқан және жаңа өңірлердің жастарына арналған арнайы гранттар үшін де қолданылады.

Өтініш қабылдау мерзімі қалай өзгереді?

Құжатта Ұлттық тестілеу орталығының цифрлық жүйесі арқылы өтініш беру мерзімі бөлек жазылған.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды мына уақытта тапсыруға болады:

  • 12-18 тамыз аралығында;
  • 12-18 желтоқсан аралығында.

ҰБТ-ның төменгі шекті балдары қандай болады?

Түзетулерге сәйкес грант конкурсына қатысу үшін ең төменгі шекті баллдар қайта бекітілді. Оқуға түсу үшін:

  • ұлттық жоғары оқу орындарына - кемінде 65 балл;
  • педагогикалық бағыттарға - кемінде 75 балл;
  • құқық саласына - кемінде 75 балл;
  • медициналық мамандықтарға - кемінде 70 балл;
  • ауыл шаруашылығы және ветеринария бағыттарына - кемінде 50 балл.

Басқа жоғары оқу орындарында төменгі шек 50 балл деңгейінде қалады.

Колледжден кейін қысқартылған бағдарлама бойынша түсетіндер үшін төменгі балл 25, ал педагогикалық бағыттар бойынша 35 балл болады.

Сондай-ақ жекелеген пәндер бойынша талап сақталады:

  • Қазақстан тарихы және бейіндік пәндер бойынша кемінде 5 балл;
  • математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы бойынша кемінде 3 балл.

Бұл ретте ережеде бөлек көрсетілген:

"Осы тармақта көрсетілген талаптар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін қолданылмайды".

Жалпы ҰБТ-ның төменгі балдарынан бөлек, конкурс кезінде университеттердің ішкі шекті балдары да ескеріледі - олар жоғары оқу орнының саралау жүйесіндегі орнына байланысты болады.

Бос қалған гранттар қалай бөлінеді?

Өзгерістер бос қалған гранттарды беру тәртібіне де әсер етті.

Енді бос орындарды ақылы бөлім студенттері конкурстық негізде - ҰБТ және кешенді тестілеу нәтижелері бойынша ала алады.

"Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары, оның ішінде батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ақылы негізде білім алушыларға ҰБТ және (немесе) КТ нәтижелеріне сәйкес конкурстық негізде беріледі", - делінген құжатта.

Медициналық құжаттарға қойылатын талаптар қалай өзгерді?

Жаңартылған ережелерде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар талапкерлер, мүгедектігі бар балалар және бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін медициналық құжаттарды тапсыру тәртібі бөлек жазылған.

Олар таңдалған білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы медициналық қорытынды ұсынуы тиіс. Құжатты қабылдау комиссиясы немесе цифрлық жүйе арқылы тапсыруға болады.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

Түзетулердің негізгі бөлігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте конкурс тәртібіне және гранттарды бөлуге қатысты өзгерістердің бір бөлігі ертерек - 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұйрықтың бірнеше тармағында бірдей норма пайда болды: егер шектеу шараларына байланысты конкурстың немесе құжаттарды қабылдаудың мерзімі өзгерсе, бұл туралы ақпарат бес жұмыс күні ішінде жарияланады.

Хабарламалар мына жерлерде жариялануы тиіс:

  • уәкілетті органның сайтында;
  • БАҚ-та;
  • "электрондық үкімет" порталында.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарында оқу мерзімін ұзарту ұсынылды

TengriEdu