Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Маңғыстау облысында менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен сарбаздың жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Маңғыстау облысында менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен сарбаздың жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин сарбазға іріңді менингит диагнозы қойылғанын айтты.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Роза Қожапованың айтуынша, науқастың жағдайы ауыр.
"30 қыркүйекте ауруханаға түскен сарбаздың зертханалық сараптамасының нәтижесі теріс болып шықты. 1 қазанда бактериологиялық әдіспен жүргізілген сараптама жұтқыншақта стрептококк бактериясы бар екенін көрсетті. Науқастың жағдайы ауыр", - Қожапова министрліктегі жиын барысында.
Оның айтуынша, әскери бөлімде сарбазбен байланыста болған адамдардың барлығы тексерістен өтті. Барлығы - 355 адам. 18 адам өзін нашар сезінгенін айтқан.
"Олардың 12-сі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Барлығы әлсіз екендерін айтып шағымданды. Кейбіреулеріне профилактикалық ем белгіленді", - деді Қожапова.
Сондай-ақ, ол сарбаздың 24 қыркүйекте науқастанып қалғанын, бірақ медициналық көмекке 26 қыркүйекке жүгінгенін айтып өтті. Оған шешек диагнозы қойылған.
Еске сала кетейік, мұның алдында Ақтауда әскери қызметшінің менингококк инфекциясымен ауруханаға түскені хабарланған болатын. Дәрігердің сөзіне қарағанда, әскери бөлімнің медициналық қызметінің басшысы міндетін атқарушының айтуынша, мерзімді қызметтегі сарбаз 27 қыркүйекте медициналық-санитарлық бөлімге барған, ол соңғы үш күнде есінен танғанын, денесінің құрысқанын, дене температурасының 39 градусқа дейін көтерілгенін, басының ауырғанын, басының айналғанын, терісіне бөртпелердің шыққанын, лоқсығанын, әлсірегенін, тәбетінің жоғалғанын айтқан.