Алматыда оқ жаудырған ер адам Иван Хутор Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында оқиғаға қатысты өзінің нұсқасын айтты. Еске салайық, Алматыда атыс 14 наурызда күндіз Абылай хан даңғылындағы Zara дүкені маңында болған еді.
Алматыда оқ жаудырған ер адам Иван Хутор Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында оқиғаға қатысты өзінің нұсқасын айтты. Еске салайық, Алматыда атыс 14 наурызда күндіз Абылай хан даңғылындағы Zara дүкені маңында болған еді.
Хутордың айтуынша, ол сол күні Арбатта өзінің таныс құрбысымен жүрген. Кейін олар Абылай хан даңғылына қойылған көлігіне жақындайды. Сол кезде бір ер адам келіп, бұлардан тұрақтың ақысын сұрайды. Иван одан аумақтың жекеменшік екенін және төлемнің заңды екенін айғақтайтын құжатты көрсетуді талап етеді. Оның айтуынша, көлік тұрағы қызметкері тиісті құжатты ұсына алмады, сол кезде Иван талапқа мән бермей кетуге айналады.
"Мен артқы жылдамдықты қосып, қозғала бастадым, ал ол менің күртеме жармасты да, басымнан бірнеше рет ұрды. Мен тоқтадым да, машинадан шықтым. Ол: "Жүр, мен саған белгіні көрсетемін" деді. Біз көліктен сәл әрі кеттік. Сол кезде тұрақта жұмыс істейтін басқа да адамдар келді де, маған жабыла бастады. Мен тапаншамды шығарып, оларды үркіту үшін айқайладым. Асфальтқа оқ аттым. Бірақ олар тоқтамады. Мені ұрған адамның аяғына екі рет оқ аттым. Сол кезде төбелес шықты. Мен машинаға бардым да полицияға қоңырау шалып, оқиға орнынан кетпек болдым. Бірақ менің жолымды тағы бөгеді. Олар мені машинада отырған жерімде ұра бастады. Мен ортадағы жолаушылар орындығы арқылы көліктен шықтым. Оларға тапанша тақадым, бірақ ол кезде патрондарым таусылып қалған еді. Сол кезде сауда орнына бардым да, күзетшілерден полиция шақыруды талап еттім. Полиция келді де, топты таратып, мені ұстады", - деді Алматыдағы атысты ұйымдастырды деп айыпталып отырған Иван Хутор. Оның айтуынша, жігіт ешқайда кетпеуі туралы қолхатпен босатылған.
Бұған дейін Алматыдағы атыс дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс бабы айыпталушыға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратыны хабарланған еді. Полицияның мәліметінше, атысты Toyota RAV4 автокөлігінің жүргізушісі ұйымдастырды. "Ол өзінің атына тіркелген травматикалық тапаншасынан көлік тұрағында жұмыс істейтін 1995 жылғы азаматқа оқ атқан. Тергеу материалдарына сәйкес, жанжал көлік тұрағына ақша төлеуге байланысты туындаған. Ер адам бірнеше рет оқ атып, көлік тұрағы қызметкерінің аяғына тигізген. Зардап шегуші ауруханаға жекізілді", - дейді Алматы ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек.
Оның мәліметінше, атысты ұйымдастырған адам оқиға орнында ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Оған қатысты "Қару қолдана отырып бұзақылық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Куәгерлер оқ атқан жүргізушіні ұстау үшін жедел әрекет ету сарбаздарының көмегі қажет болғанын айтты. Оқиға орнынан төрт гильза табылды.