ҚР Бас көлік прокуратурасы Жамбыл облысында Ан-2 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Бас көлік прокуратурасы Жамбыл облысында Ан-2 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Тергеу оқиғаға себеп болуы мүмкін бірнеше жайтты тексеріп жатыр, соның ішінде әуе көлігінің техникалық жарамсыздығы мен адами фактор да бар", - деп мәлімдеді Астанада өткен брифингте Бас көлік прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Әділет Тоқтамысов.
Ол бірнеше сот-медицина сараптамасының тағайындалғанын, "Олимп Эйр" ЖШС техникалық құжаттарының тексеруге алынып жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, Ан-2 ұшағы 20 қаңтар күні сағат 15.40 шамасында "Шатыркөл" кен орны ауданында апатқа ұшыраған еді. "Олимп Эйр" серіктестігіне тиесілі ұшақ Балқаштан кен орнына ұшып шыққан. Ұшақтың апатқа ұшырауына тұман себеп болуы мүмкін деген жорамал айтылды. Ұшақтың бортында жеті адам болды, оның үшеуі - экипаж мүшесі.
Апат салдарынан "Қазақмыс" компаниясының үш қызметкері қайтыс болды: техникалық даму департаментінің директоры Төлеубаев, "Балқаштүстімет" ӨБ бас механигі Ыбыраев, осы өндірістік бірлестіктің техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы Есмағанбетова, сондай-ақ экипаж мүшелері түгел опат болды: Ан-2 командирі Клюшев, Ан-2 екінші пилоты Савельев және борт-механик Литвинов. Қарағанды облысының әкімдігі апат құрбандарын жерлеуді ұйымдастыруды өз мойнына алды және марқұмдардың туыстарына психологиялық көмек көрсететін болады.
"Балқаштүстімет" ӨБ бас геологы Шаяхметова тірі қалды, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды.
Апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағына ұшуларға 2015 жылдың маусым айына дейін рұқсат берілген. ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің инспекторлары әуе көлігіне 2014 жылдың маусым айында сертификациялық тексеру жүргізді. Әуе апаты себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оған Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек жетекшілік етеді. ҚР ІІМ мәліметінше, Шу станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің тергеушілері Жамбыл облысындағы әуе апаты дерегі бойынша "Қозғалыс қауіпсіздігі немесе әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзу" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Іс ҚР Бас көлік прокуратурасының Жамбыл облысы бойынша арнайы прокуратурасына тергеуге берілді.