1. Басты
  2. Біл
  3. Оқиға
  4. Тосын жай

БҚО-да танымал саксофоншы 26 жасында қаза тапты29 қыркүйек 2020, 07:49

Дәулет Шәмелов, фото әлеуметтік желіден Дәулет Шәмелов, фото әлеуметтік желіден

Батыс Қазақстан облысында аймаққа танымал саксофоншы Дәулет Шәмелов жол апатынан қаза болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.

Көлік апаты 25 қыркүйекте күндіз Орал-Индер тасжолында Көнекеткен ауылының маңында болған. Бес адам зардап шеккен және біреуі - саксофоншы Дәулет Шәмелов жедел жәрдем келгенше қаза болған.

Дәулет Шәмеловтің досы Әділет Орынбасаров сол күні көлікте бірге болған. Оның айтуынша, мобильді байланыс дұрыс болмағандықтан, дәрігерлерді шақыруға ұзақ уақыт бойы мүмкіндік болмаған. 

Әділет Facebook желісінде пост жазып, қайғысы мен сол кезде болған жағдай туралы айтты.

"Сөзімді қалай саптау керек екендігін де білмеймін. Жүрегім парша-парша. Жан дүнием астаң-кестең. Шарасыздықтан егілген бауырларымды көріп, ағыл-тегіл жыладым. Иә, ажал айтып келмейді. Бірақ бүгінгі оқиға менің тарапымнан заңды сауалдар туындатты. Алдымен, баяғы ұялы байланыстың болмауы. Ойбай, дамыған Қазақстан, онлайн оқу, әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатары деп ұрандатамыз. Қаншама ауылдар ғаламтор былай тұрсын, кәдімгі сапалы ұялы байланысқа зәру. Мұқтаж! Адам жаны қыл үстінде тұрғанда жедел жәрдемге телефон шалып, көмекке шақырайын десең байланыс жоқ! Жоқ! Жан дауысың шығады. Бірақ таппайсың!

Одан кейін жыр болған медицина мәселесі. Айналайын, жоғарыдағы көкелер! Еститін мемлекеттің қызметкерлері! Ауылдағы медицинаның хәлін білесіздер ме сіздер? Сағаттап күткен жедел жәрдемнің хәлі нашар адамды салып, көлікке дейін жеткізер қарапайым зембілі жоқ. Дем алуы қиындаған адамға салатын дәрілік препараттар таба алмай байғұс дәрігерлер сарсаңға түсті. Бір жедел жәрдем көлігі оқушыларды тасып жүр. Міне, дамыған ел! Медбикелердің шарасыздығын, қолдары байлаулы екенін көріп бүйткен медицинаң құрсын деп айқайлағым келді", - деп жазды ол.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер жол апатының болғанын растады. 

"2020 жылғы 25 қыркүйекте сағат 13.40-та Индер-Орал тасжолында Көнекеткен ауылының маңында Шевроле көлігінің апаты туралы жедел жәрдемге хабарлама түсті. Онда бес адам болған. Чапаев ауылының тұрғыны, 1994 жылы туған ер адам жедел жәрдем келгенге дейін қаза болды", - делінген басқарманың баспасөз релизінде.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!