Алматы қалалық ІІД өкілдері Гай Фокстың маскасын киген үш жігіттің букмекерлік кеңсені тонап кетуіне қатысты жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қалалық ІІД өкілдері Гай Фокстың маскасын киген үш жігіттің букмекерлік кеңсені тонап кетуіне қатысты жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қалалық ІІД ресми өкілі Салтанант Әзірбектің мәліметінше, бұл оқиға 24 желтоқсанда таңғы уақытта болған. Белгісіз үш ер адам дубинкамен және ойыншық тапаншамен Төле би - Жароков көшесінде орналасқан букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған.
"Нәтижесінде ешкім қатты зардап шеккен жоқ, медициналық көмекке ешкім жүгінген жоқ. Олар өзімен бірге шамамен 700 мың теңге алып кеткен. Видеоға қарағанда, күзеттегілер ол кезде ұйықтап жатқан. Сондай-ақ, күзет қызметшісінің Қазақстан азаматы емес екені анықталды. Оған қатысты міндетті түрде түсінік береміз. Алматы полициясы букмекерлік кеңселердегілерден күзет қызметін күшейтуді және қызметкерлерді қабылдағанда мұқият болуларын сұрайды", - деді Салтанант Әзірбек.
Сонымен қатар, ол жедел-тергеу тобының құрылып, жедел іс-шаралардың жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл дерек сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша ("Тонау") тіркелді. Күдіктілер бар.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда Гай Фокстың маскасын киген жігіттердің букмекерлік кеңсені тонап кеткені хабарланған болатын. Жарияланған видеоға қарағанда, Гай Фокстың маскасын киген үш жігіт кеңсеге баса-көктеп кірген. Біреуінің қолында ағаш бар. Ал басқаларының қолында тапаншаға ұқсас зат болған. Олар ақшаны ала сала, оқиға болған жерден асығыс кетіп қалды. Кеңсе қызметкерлерінің ешқайсысы айтарлықтай зардап шекпегенін кадрдан көруге болады.