Қарағанды тұрғыны әлеуметтік желіде 8 жастағы ұлының бірнеше апта бойы 12 жастағы көрші жасөспірімнің қудалауына ұшырағанын мәлімдеді. Баланың анасының айтуынша, ол тіпті ұлының соңынан пышақпен қуған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағандылық әйелдің сөзінше, ол бастапқыда ұлының шағымдарына аса мән бермеген. Баланың әпкесі оқиғаға куә болғаннан кейін бәрі өзгерген.
"Ол жігіт менің баламның соңынан қуып, өлтіремін деп қорқытқан. Құдай оңдап, қасында әпкесі болып, біз оны ұстап алдық. Ол пышақпен жүрді, біз оны тартып алдық", - деп жазды қала тұрғыны.
Әйел оқиғадан кейін полиция шақырғанын, бірақ шақыртуға учаскелік инспектор келгенін айтады.
"Бізге арыз жазғанмен ештеңе шықпайтынын айтты. Сонда біреудің өлімін күтуіміз керек пе?" - деп ашуланды ол.
Баланың анасының айтуынша, қазір ұлы далаға шығудан қорқады. Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі пышақ ұстаған жасөспірім туралы хабарламаның полицияға түскенін растады.
"8 жастағы бала үйіне қайтып бара жатқанда, оған қарай пышақ ұстаған 12 жастағы жасөспірімнің жүгіргені анықталды. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер - көршілер", - деп хабарлады ведомство.
Полицейлер жасөспірімнің заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілгенін нақтылады. Балалар және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологтың жұмысы ұйымдастырылған. Полиция мәліметінше, қазір балалардың ата-анасының бір-біріне талап-арызы жоқ.
Сондай-ақ ПД ата-аналарға балалардың эмоционалдық жай-күйіне және агрессия белгілеріне көңіл бөлу қажет екенін ескертті.