Көкшетауда жақында ғана автотұрақта әйелді қағып өлтірген оқиға үлкен резонанс тудырған еді. Енді қалада тағы бір жантүршігерлік оқиға болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл жолы Көкшетаудағы тұрғын үйлердің бірінің маңында автокөлік ересек адам мен баланы қағып кетті. Оқиғаның видеосы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатыр.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Кадрлардан жеңіл автокөліктің жаяу жүргіншілер жолына шығып кетіп, екі адамды қаққанын көруге болады, олардың бірі кәмелетке толмаған бала. Әлеуметтік желі қолданушыларының болжамы бойынша, жүргізуші газ бен тежегішті шатастырып алған болуы мүмкін.
Бұл оқиға желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары тұрғын үй аулаларындағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, балалар алаңқайлары мен тротуарлар маңындағы көлік қозғалысына бақылауды күшейтуге шақырды.
Tengrinews.kz тілшісі оқиға 19 мамырда болғанын анықтады. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы барған.
"Оқиға кезінде бала анасымен бірге тротуарда келе жатқаны анықталды. Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды, медицина қызметкерлері қарап болған кейін үйіне жіберілді. Баланың ата-анасы жүргізушіге ешқандай шағым түсірмеді", - деп хабарлады Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша материал жинақтап, жүргізуші қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Еске салсақ, 9 мамырда Көкшетаудағы автотұрақта қайғылы оқиға болды. Бейнебақылау камерасындағы жазбадан тұраққа кіреберісте көліктің жолда кетіп бара жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткені көрінеді. Әйел қаза болды.