26 қараша 2014 10:07

Колледждегі жарылыс: Оқушылар мен мұғалімдер Юрий Гавриленко туралы айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Юрий Гавриленко (сол жақта). ©Тengrinews.kz Юрий Гавриленко (сол жақта). ©Тengrinews.kz

Алматы сән және дизайн колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы мұғалімі Юрий Гавриленконың оқушылары мен әріптестері Tengrinews.kz тілшісіне оның қандай адам болғаны туралы әңгімелеп берді. Еске сала кетейік, Алматыдағы колледжде граната жарылысы 17 қараша күні болған еді. 


Алматы сән және дизайн колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы мұғалімі Юрий Гавриленконың оқушылары мен әріптестері Tengrinews.kz тілшісіне оның қандай адам болғаны туралы әңгімелеп берді. Еске сала кетейік, Алматыдағы колледжде граната жарылысы 17 қараша күні болған еді. 

Студенттердің айтуынша, Юрий Гавриленко жақсы ұстаз болды. "Мен оның оқиғаға кінәлі екеніне сенбеймін. Ол тамаша оқытушы болды, бәрін қызықты етіп әңгімелейтін. Онымен бәрі амандасатын, ол бізден хал-жағдайымызды сұрап тұрды", - дейді граната жарылысы болған колледжде оқитын жігіт. "Ол бізге бірде-бір сабақта оқу гранаталарын көрсеткен емес, олардың құрылысы туралы ғана әңгімелейтін. Ол мейірімділігімен, мұғалімдік жақсы дағдыларымен есте қалды. Ешқандай оғаш оқиға болған емес", - дейді колледжде оқитын қыз бала.

Юрий Гавриленконың әріптестері де оның оқу орнындағы граната жарылысына қатысы бар екеніне сенбейді. Колледждегі оқытушылардың бірі Гавриленконың 2013 жылдың 31 тамызында жұмыстан шыққанын және сол кезде өз заттарының бәрін алып кеткенін айтты. Оның айтуынша, Гавриленкодан кейін Ғабит Қарабалаев келгенге дейін колледжде алғашқы әскери дайындықтан бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған басқа бір ер адам сабақ берді.

Алматыдағы колледжде болған граната жарылысы туралы істің жаңа фигуранты Юрий Гавриленко туралы оның көршісі Евгений Лобарев та айтып берді: "Мен Юрийді білемін. Біз қызмет бабында жолығысатынбыз, оның өз ісі бойынша көп білетінін айтқым келеді. Біз кейін көрші болдық, ол алғашқы әскери дайындықтан сабақ бере бастады. Айтпақшы, менің қызым осы колледжде оқиды, Юрий оған сабақ берді. Егер адам қызмет барысында қарумен, оқ-дәрімен жұмыс істейтін болса, ол оқу жарағын әскери заттан қашанда ажырата алады. Оның үстіне, оқу қаруының ерекшеліктері болады, оны немқұрайлы әрі жауапсыз адам ғана байқай алмайды. Юрий ондай адам емес. Оқиғадан кейін мен де қызымнан, басқа студенттерден ол қандай оқытушы еді деп сұрадым. Бәрі оның ешқашан қарудың макетін қолға ұстатпағанын айтты, "шөлмек мың күн емес, бір күн сынады" дейтін болған. Мен оның оқиғаға кінәлі екеніне сенбеймін".

Еске сала кетейік, 17 қараша күні сағат 08.40-та Алматы сән және дизайн колледжінің екінші қабатында алғашқы әскери дайындық сабағында граната жарылған болатын. Оқиға салдарынан бір студент қыз қайтыс болып, 12 адам ауруханаға түсті, тағы үш адам дәрігерлерге өз еркімен көрінді. Болған оқиға дерегі бойынша "Абайсызда кісі өліміне әкеліп соқтыру" және "Қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

Граната жарылысы болған кезде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген мұғалім Ғабит Қарабалаевқа 20 қараша күні аталған баптар бойынша айып тағылды. Педагог екі ай мерзімге тұтқындалды. Ол колледжде 2013 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істейді. 22 қараша күні сот Алматы сән және дизайн колледжінде бұрын алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген Юрий Гавриленконы да тұтқындады. Ол да екі айға қамауға алынды, оның үстінен "Қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу материалдарына қарағанда, 2010 жылы Гавриленко Алматыда РГД-5 әскери гранатасы мен түрлі нысандарды жаруға, бұзуға, жоюға арналған УЗРГМ-2 жарылғыш затын сатып алады да, оларды колледждің алғашқы әскери дайындық пәнінің материалдық құндылықтар бөлмесіне сақтайды. Бұрынғы мұғалімнің бұл заттарды қайдан және не үшін сатып алғаны нақтыланған жоқ.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.77   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети