Алматыда автокөлік жүргізіп келе жатқан қызға жол үстінде тапанша кезенген Range Rover жүргізушісі жеті тәулікке тұтқындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
Алматыда автокөлік жүргізіп келе жатқан қызға жол үстінде тапанша кезенген Range Rover жүргізушісі жеті тәулікке тұтқындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
Ренат Насыров 330-баптың І тармағы бойынша ("Ұсақ бұзақылық") айыпты деп танылды. Сот шешімі бойынша, қызды қорқытқан тапанша иесінен алып алынып, кейіннен түпкілікті жойылады. Сот кесімі 18 сәуірден бастап өз күшіне енеді.
Жол үстіндегі егестің айыпкері 1986 жылы туған, Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындады.
– Мен өз кінәмді толық сезінемін, көлік ішіндегі кішкентай баланы көрген жоқпын. Қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым, өйткені күйзеліс жағдайында көңіл-күйім болмай келе жатқан. Сол күні мен қара базарға бара жатқанмын, "Алатау" базарында бутигім бар еді. Сол күні маған бутигімді орнынан алып тастайтындықтарын хабарлаған болатын. Соған берекем қашып, уайымдап келе жатқанмын, – деді Насыров.
Өз кезегінде, ІІД жол егесінің айыпкері тез анықталғанын мәлімдеді. "Келесі күні-ақ фигуранттың кім екендігі анықталып, біраз уақыттан соң ол ұсталды. Жас жігіттің тіркелген зақымдағыш тапаншамен қорқытқаны рас болып шықты. Жүргізушінің әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде тіркелді. Дәл қазіргі уақытта ол шешім қабылдау үшін сотқа жеткізілді", – делінген таратылған мәлімдемеде.
Сондай-ақ, полиция ұсталған айыпкердің автокөлікті тиісті құжаттарсыз жүргізгенін, "Жол беріңіз" деген белгіге мән бермегенін, қауіпсіздік белдігін тақпағанын және сақтандыру полисі болмағанын анықтап, сол себепті әкімшіліктік жауапкершілікке тартты. Салынған айыптың жалпы сомасы 64 780 теңгені құраған.
Бұрын хабарлағанымыздай жүргізушінің кім екендігі анықталған. Ол 1983 жылы туған, Алматы облысындағы Сарқанд қаласының тұрғыны делінген болатын. Алайда кейіннен автокөлік жүргізген қызды басқа адамның қорқытқандығы анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жағдай 13 сәуір күні сағат 12.00 шамасында Заря Востока елді мекенінде болған. Daewoo Matiz көлігіндегі әйел Ұйғыр көшесінен шығысқа қарай жүріп келе жатқанда, екінші дәрежелі Бердіғұлов көшесінен қара Range Rover шыға келеді. Оның жүргізушісі тапаншасын шығарып, әйелді қорқытпақ болады. Бейнетіркеудегі жазба Youtube-те жарияланды. Әйелдің көлігінде үш жасар сәбиі болған.