Маңғыстау облысында 25 жастағы дезинфектор үй қамаққа жіберілді. Ол тұрғын үйді дезинфекциялағаннан кейін екі адам қайтыс болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында 25 жастағы дезинфектор үй қамаққа жіберілді. Ол тұрғын үйді дезинфекциялағаннан кейін екі адам қайтыс болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Маңғыстауда екі адамның өліміне себепкер болған "Квикфос" препараты тұрғын үйлерге арналмаған болып шықты. Қандаланы жою үшін қолданылатын бұл препарат, тек агроөнеркәсіпте ғана қолданылуы керек екен. Мұнайлы ауданындағы қайғылы оқиғадан соң тексеріс жүргізген санэпидемиологтар енді улы химикаттардың қолданылуын қатаң бақылауға алуды ұсынып отыр.
"Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің реестрінде бұл тіркелмеген және рұқсат етілмеген. Және бұл ауылшаруашылығында қолданылатын препарат. Қазіргі таңда "Таракан-Мед" ЖШС мұны үй-жайында қолданғандықтан осындай жағдайға әкеліп отыр", - дейді Маңғыстау облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім жетекшісі Гүлзада Максимова.
Дезинфекциялаумен айналысатындарды және кез келген жерде ашық саудаланып жатқан улы химикаттарды тексеруге мамандардың құқы жоқ. Ал жәндіктерді улайтын компанияларды жалдайтындар олардың біліктілігін растайтын сертификаттарды көбіне сұрамайды да екен. Мәселен, өткен аптада Мұнайлы ауданындағы 60 пәтерлі көпқабатты үйде зиянкестерді улайтыны жөнінде дезинсекторлар тұрғындарға алдын ала ескертпеген. Осының салдарынан, 29 жастағы келіншек пен оның 2 жасар қызы сол күні уланып қайтыс болды. Қазір, бұл бойынша "абайсызда кісі өлтіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуіп жатыр, күдікті ретінде бір азамат ұсталды.
"Кінәлі анықталды. Ол 1983 жылғы азамат. ҚР ҚК-нің 128-бабына сай қамауға алдық. Алайда оның тұрғылықты жері мен жанұясы болғандықтан сот оны үй қамаққа жіберді. Қазіргі таңда ол біздің тергеу-тексеру амалдарына көмектесіп, келіп кетіп жүр", - дейді Мұнайлы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркін Чунетов.
Дереккөз: КТК