Павлодар облысында әкімдіктегілер тазы иттерді атып кеткен

28 Ақпан 2017, 21:52
0
Павлодар облысында әкімдіктегілер тазы иттерді атып кеткен -

Павлодар облысында қаңғыбас иттердің орнына сирек кездесетін асыл тұқымды иттер атылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Облыстағы Баянауыл аудандық әкімдігінің мал дәрігерлік бөліміндегілердің айтуынша, Сәтбаев және Теңдік ауылдарында қаңғыбас иттер 27 ақпанда таңғы уақытта жоспарлы түрде атылған.

"Бұл - қаңғыбас иттерді жоспарлы ату шарасы. Ауылдықтардан иттердің балалар мен ересектерді қауып жүргені жайлы шағымдар көп түсіп жатыр. Шара қабылдауымызды сұрады. Осыдан кейін "Баянветслужба" аудандық коммуналдық кәсіпорынның жұмысшылары ату шараларын жүргізді. Ұйықтататын дәрісі бар дротиктер қолданылды. Иттер қарғы баусыз, тұмылдырықсыз жүрген. Олардың сирек тұқымды екенін қайдан білейік. Бізде жануарларға, адамдарға шабуыл жасалған жағдайлар болды, сондықтан ату шарасын жүргіздік", - деді Баянауыл аудандық әкімдігінің мал дәрігерлік бөлімінің бас маманы Дүйсет Әмірханов.

Айтуынша, бір күн ішінде коммуналдық қызметтегілер Сәтбаев ауылында 14 итті, ал Теңдік ауылында 53 итті атып тастаған. Шенеуніктің айтуынша, жергілікті тұрғындарға мұндай шараның жүргізілетіні ескертілген. 

"Біз 11 ақпанда аудандық газетте қаңғыбас иттерді ататынымыз жайлы ескерту жасағанбыз. Жиындарды барлығына айттық. Заңда тазы иттерді атуға болмайды деген сөз жоқ. Егер иттің иесі қасында болмаса, байлаулы болмаса ол қаңғыбас ит болып саналады. Тазы болса да солай. Қаңғыбас иттер өте қауіпті", - дейді Әмірханов.

Ал тұрғындар иттерінің үй аулаларында өлтірілгенін айтады. "Ағамның қорасында тұрған екі итті улап өлтірді, көршімнің төрт итін өлтірді. Иттеріміз далада жүрген жоқ. Аңшылыққа арналған иттер, сирек тұқымды. Ешкім ұрлап кетпеуі үшін иелері мұндай иттерді торда ұстайды. Оларды ешкім көшеге шығармайды. Улап өлтірген. Қаңғыбас ит болса, өліктері далада жатар еді ғой. Бұл нағыз жауыздық. Тазы жеті қазынаның бірі деп есептеледі. Ер жігіттің жүйрік аты, қыран құсы, құмай тазысы болуы керек деген сөз де бар. Бұл қазақтың ұлттық байлығы. Тазы итті сатуға немесе біреуге бере салуға болмайды. Күшіктері тек саудаланатын. Мұндай тұқымдағы иттер 5-7 миллион теңге тұрады. Бірақ мұнда мәселе ақшада емес, олардың сонша жауыздықпен өлтірілгенінде", - дейді тұрғындардың бірі Қуаныш Жағыпаров.

Енді иті өлтірілген тұрғындар барлық инстанцияға хат жазбақшы, тіпті Президент әкімшілігіне дейін бармақ. 

"Кінәлілер жазасын алуы керек, сондықтан барлық жаққа барамыз. Біздің тазы иттеріміз ешкімді қапқан жоқ, қауіп төндірген жоқ. Оларды соқыр адам ғана қаңғыбас иттермен шатастырады", - дейді олар.

Ал жергілікті шенеуніктер иттің асыл тұқымды екенін дәлелдейтін құжат керек дейді. "Мұндай иттердің иелерінде құжаттары жоқ", - дейді шенеуніктер.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай