Шымкентте атыс болған кафенің иесі оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкентте атыс болған кафенің иесі оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Кафе иесінің айтуынша, бұл жағдайға оның отбасының еш қатысы жоқ. Кафеге келушілер онда ақша үшін сөзге келіп қалған дейді. Әйелдің айтуынша, сол күні кафеде болған атыстан күйеуі зардап шеккен. Қаруланған бір топ адамды көрген ол екінші қабаттан секіріп кетіп, аяғын жарақаттап алған.
"Біреу біреудің ақшасын бермеген. Пайызға алған болуы керек. Осы әңгіме шығып, соңында сөзге келді. Олар кафеде тіпті ештеңеге тапсырыс берген жоқ", - дейді кафе иесі.
Осыған дейін Желіде атыстың видеосы таралған еді. Видеода Арғынбеков көшесіндегі кафеде болған атыс түсірілген. Видео кадрларынан ғимараттың терезелері сынғанын және жерде белгісіз бір адамның жатқанын көруге болады.
Еске салайық, мұның алдында жергілікті БАҚ-тар Шымкентте кафелердің бірінде атыс болып, екі адам қаза тауып, тағы төрт адамның ауруханада жатқаны жайлы хабарланған болатын.
Кейінірек полиция өкілдері атысқа қатысты пікір білдірген еді. "Оқиға орны болған жерден қылмыс қарулары тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалды, ҚР Қылмыстық кодексінің 99 және 287-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің аты-жөні анықталды, оларды ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері қылмыстық істі бақылауға алды", - деп хабарлады полициядағылар.