Әйелін пышақтап, видеоға түсірген шымкенттікке қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әйелін пышақтап, видеоға түсірген шымкенттікке қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2017 жылдың 12 қарашасында таңғы жеті шамасында Шымкентте болған.
"Ибрагим ата көшесінде орналасқан облыстық өзбек драма театрының жанындағы аялдамада өзімен араздасып кетіп қалған зайыбы У.Н.-ға үйіне қайтуын талап еткенде оның "бармаймын" деген сөзіне ашуланып, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында, өз қолымен жасаған пышағының сабымен бас тұсына бір рет ұрып, қолымен бетін жауып тұрған кезінде оң жақ көкірек тұсына пышақты бір рет сұғып алып, денсаулығына қасақана ауыр дәрежелі зиян келтірген", - делінген сот хабарламасында.
Бұдан кейін сотталушы жазық далаға барып, Samsung Galaxy J1 маркалы ұялы телефонына зайыбын пышақтағаны жайлы 60 секундтық бейнежазба түсіріп, WhatsApp телекоммуникациялық желісі арқылы таныстарына жіберген. Әйелі жансақтау бөліміне түсіп, абырой болғанда тірі қалған.
Кеше, 22 қаңтарда Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында сотталушыға қатысты қылмыстық істің қаралуы аяқталды.
Сот үкімімен сотталушының жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігі мен сипаты, қылмысқа дейінгі және қылмыстан кейінгі әрекеттері ескеріліп, ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталып, жазасын қылмыстық - атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге деп белгіленген.
Сот отырысы аяқталған соң төрағалық етуші тараптарға қабылданған үкім мен қылмыстық құқық бұзушылықтың болған себептерін түсіндіріп өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.