Семейде жақында ғана шартты жазасы нақты мерзімге ауыстырылған сотталушы серуендеу кезінде уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Семейде жақында ғана шартты жазасы нақты мерзімге ауыстырылған сотталушы серуендеу кезінде уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сотталушының уақытша ұстау изоляторынан қашқаны туралы бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары хабарлаған болатын. Кейінірек бұл ақпаратты Абай облыстық полиция департаменті растады.
"Серуендеу кезінде сотталушы уақытша ұстау изоляторының аумағынан заңсыз шығып кеткен. Дереу ұйымдастырылған іздестіру шараларының нәтижесінде оның жүрген жері жедел анықталды. Қазіргі уақытта ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады Абай облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қызметтік тексеріс тағайындалды. Ұсталған азаматтың бұған дейін көлік ұрлағаны және зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды. Осы жылдың маусым айында жазасын өтеу талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін сот оның жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған.
"Аталған сотталушы 2021 жылы шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Биыл маусым айында жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзуына байланысты жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды", - деп нақтылады Абай облыстық ПД.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Түркістан облысында ауруханадан қашып кеткен сотталушы іздестірілген болатын. Сол кезде өңірде іздеу жарияланып, бақылау бекеттері қойылды. Ем алып жатқан сотталушы медициналық мекемеден кетіп қалған. Кейінірек қашқын Түркістандағы танысының үйінде ұсталды.