Талғарда дүкенге қарулы шабуыл жасалған сәтте қарақшыға тойтарыс берген сатушы Нина Калимова оқиғаның мән-жайын баяндады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Талғарда дүкенге қарулы шабуыл жасалған сәтте қарақшыға тойтарыс берген сатушы Нина Калимова оқиғаның мән-жайын баяндады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
34 жастағы Калимова шабуыл кезінде өз әрекетінің дұрыс-бұрыстығын ойлауға уақыт болмағанын айтады.
"Оқиға кешкі тоғыздан кете бере болған. Бетперде киген ер адам кіріп келді, көзге арнайы тесілген қарапайым баскиімі болды. Маған дереу қару кезеніп, ақша талап етті, бірден қарсы болдым. Кассада бір күндік табыс болған еді. Қолында шолақ мылтық бар екен. Иығымнан сол мылтығымен нұқып жіберді, осыдан кейін жұлыса кеттік. Сөйтіп, қолын қайырдым да, қаруын тартып алдым. Сосын сатып алушы мен екінші сатушы келіп, полицейлер жеткенше ұстауға көмектесті", - деді әйел.
Айтуынша, тонаушы қашып кетуге әрекеттенген. "Ол қарсылық білдіре бастады, сосын, сатып алушы жігіт жас қой, ұстап тұра алмады. Тонаушының қолын скотчпен байлап, қашып кетпейтіндей қылдық. Санаулы секундтарда болған оқиға", - дейді Нина Калимова.
Сатушы спорттық жетістіктері жоқтығын айтады. Бойы - 157 сантиметр, салмағы - 50 келі. "Мылтығын кезегенде, есеңгіремедім, шошымадым да. Өзін-өзі қорғау түйсігі болды, өз өмірім үшін күрестім, жағдайдың қаншалықты қауіпті болғанын кейін ғана түсіндім. Әлі де үрейім басылар емес", - дейді ол.
Оның күйеуі, 13 және 10 жастағы балалары бар екен. Ал осы батылдығы үшін дүкен басшылығы оған ақшалай сыйақы мен гүл шоғын беріпті.
"Күйеуім күні бойы қасымда жүріп, қолдау білдірді. Ол да бастапқыда шошып қалған, "балаң бар, отбасың бар ғой, неге бұлай істейсің" дейді. Бірақ оның іштей менімен мақтанатынын, өмірімді өзім қорғай алғаныма мақтанатынын білемін. Ол балаларыма әрқашан батыл болуды үйретеді. Ол қазір менен де қатты уайымдап жүрген сияқты", - дейді Нина.
Еске салайық, осыған дейін Алматы облысында супермаркетті тонамақ болған сәт видеоға түсіп қалғаны хабарланған еді. Tengrinews.kz оқиғаның эксклюзив видеосын жариялады. Кадрлардан дүкенге кірген жігіттің бірден қассаға бет алып, сатушы әйелге қару кезенгені көрінеді. Әйел өзіне қауіп төнгеніне қарамастан, қылмыскердің өзіне тап берген. Сатушыға өзге әйел мен ер адам көмекке келіп, олар қарақшының қолындағы қаруды тартып алады.