Бразилиядағы әлем чемпионатының он екінші ойын күнінде "А" және "В" тобындағы үшінші тур ойындары өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бразилиядағы әлем чемпионатының он екінші ойын күнінде "А" және "В" тобындағы үшінші тур ойындары өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Бразилия төрінде өтіп жатқан әлем чемпионатының үшінші айналымы басталады. Сондықтан да бір топта өнер көрсететін командалар бұған дейінгідей екі бөлек уақытта емес, бірдей уақытта ойнайтын болады. Бұл ФИФА-ның турнир адал өтсін деген ойымен жасап отырған қадамдарының бірі. Дегенмен, мұндай шара әлем біріншіліктері барысында бірінші рет қолданылып отырған жоқ. Бұл әдіс 1982 жылғы әлем біріншілігінен жүзеге асып келе жатыр.
ХХ рет өтіп жатқан әлем біріншілігінің үшінші кезең ойындарын "В" тобындағы командалар бастайды. Астана уақытымен 21.50-де басталатын Нидерланды және Чили арасындағы кездесуді қазақстандық жанкүйерлер "Қазақстан" және KazSport арналарынан тамашалай алады. Айта кетейік, бұл ойында "В" тобында плей-оффтың кезеңге қай команда бірінші орынмен шығатыны анықталады.
Сондай-ақ Астана уақытымен 21.50-де "Еуразия" Бірінші арнасы" бұл топтағы екінші матч - Австралия және Испания кездесуін тікелей эфирде таратады. Айта кетейік, бұл екі құрама - алғашқы екі кездесулерінде жеңіліске ұшырап, келесі кезеңге шығудан үміт үзгендер.
Ал Астана уақыты бойынша сағат 01.50-де "А" тобындағы ойындар басталады. Бұл топтағы Камерун және Бразилия құрамалары арасындағы матчы "Қазақстан" және KazSport тікелей эфирде көрсетеді. Дәл осы уақытта "Еуразия" Бірінші арнасы" бұл топтағы екінші матч - Хорватия және Мексика құрамалары арасындағы кездесуді ұсынады. Дәл осы матчта жеңілген команда ХХ әлем чемпионатымен қоштасатын болады.
Еске салайық, 12 маусымда басталған футболдан әлем чемпионаты 13 шілдеге дейінгі аралықта Бразилияның 12 қаласында өтеді. Чемпионаттың толық кестесімен мына жерден танысуға болады.