30 наурыз 2014 13:39

"Қайрат" қайраңда қалды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет fckairat.kz сайтынан Сурет fckairat.kz сайтынан

Футболдан XXIII Қазақстан чемпионатының ІІІ-туры тамамдалды. «Қайрат» өз алаңында үшінші рет ұтылып, көш соңында қалды, деп хабарлайды <a href="https://kaz.tengrinews.kz/" target="_blank">Tengrinews.kz</a>.


Футболдан XXIII Қазақстан чемпионатының ІІІ-туры тамамдалды. «Қайрат» өз алаңында үшінші рет ұтылып, көш соңында қалды, деп хабарлайды <a href="https://kaz.tengrinews.kz/" target="_blank">Tengrinews.kz</a>.

Алматының «Қайраты» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдаған. Бұл матчта алматылықтар осымен үшінші рет 0:1 есебімен ұтылып қалды. «Қайрат» осылай, биылғы ел біріншілігі басталғалы қарсыластарының қақпасына бірде-бір гол соға алмай, пұшайман болды. Дәл қазір Қазақстан премьер-лигасында үш ойында да бірде-бір гол соға алмаған тек осы – «Қайрат». Әрі бірде-бір ұпайы жоқ та – «Қайрат».

Қарағандының «Шахтері» енді шабыттанып, екпін алғандай. Кеншілер клубы түзде «Таразды» тас-талқан қылды. «Тараз» футболшыларының бұл ойында бір гол соққандарына шүкіршілік еткеннен басқа амалдары қалмады. Себебі, бұл – олардың осы маусымдағы алғашқы голдары.

«Ақтөбе» өз алаңында Семейдің «Спартагын» ойсырата ұтты. Бір қызығы, үш голды да команда сапына биылғы маусым аралығында алынған екі футболшы соқты. Премьер-лигаға биылғы маусымда қосылған Семей футболшыларына Еурододаларда шыңдалған «Ақтөбеге» төтеп беру оңай емес, әрине.

«Жетісу» мен «Атырау» отандық футбол мамандары мен жанкүйерлерін тәнті қылуларын одан әрі жалғастыруда. Бұл турда «Жетісудың» жанкешті жігіттері түзде «Тобылды» тобықтан қағып, таңдандырды. Бір емес, екі гол соғып, басым түсті.

Ал «Атырау» Павлодарда «Ертісті» екпетінен түсірді. Атыраулықтар өткен турда өз алаңында «Тобылды» жеңе алмаған. Соның есесін енді ерке Ертіс бойында қайтарып отыр.

«Астана» да – көшбасшылар қатарында. Бірақ олар бұл жолы «Қайсардан» соңғы секундтарда ғана басым түсті. Оның өзінде жалқы голды пенальтиден соқты. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша төртінші минутта қызылордалықтар қақпасына пенальти беріліпті...

Екінші турдағы алты ойында төрт гол ғана соғылса, бұл жолғы алты матчта қақпа торы 14 рет бүлкілдеді. Әзірше ең нәтижелі тур – сөз жоқ, осы үшінші тур.

Екі команда («Ақтөбе» мен «Шахтер») екі ойында алты голдан соғып, шабуылдарының жойқын екендіктерін сездіруде. Ал үш команда («Жетісу», «Атырау», «Астана») өз қақпаларына әлі бірде-бір гол жібермей, қорғаныстары мен қақпашыларының топсалары берік екендіктерін білдіруде.

Сонымен, үш турдан соң төрт команда ("Ақтөбе", "Жетісу", "Атырау", "Астана") жеті ұпаймен алғашқы төрттікте үзеңгі қағыстырып келеді. Енді төрт команда ("Шахтер", "Ертіс", "Қайсар", "Тобыл") төрт ұпаймен 5-8 орындарды бөлісіп тұр. Осы турда биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген «Ордабасы» үш ұпаймен 9-орынға көтерілді. Ал «Спартак пен Тараз жалқы ұпаймен 10-11-орындардан алға жылжи алар емес. Көш соңында жападан-жалғыз Қайрат қалды. Өз алаңында «Ордабасы» клубынан ұтылып, екінші турдан кейінгі «серігін» де алға ұзатып алды.

Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. ІІІ-тур.

«Тараз» – «Шахтёр» – 1:5
Голдар: Вичюс, 15 (0:1). Қонысбаев, 44 (0:2). Саломов, 53 (0:3). Саломов, 68 (0:4). Финонченко, 70 (0:5). Рок, 80 (1:5).

«Ақтөбе» – «Спартак» – 3:0
Голдар: Зенькович, 17 (1:0). Шабалин, 47 (2:0). Зенькович, 58 (3:0).

«Тобыл» – «Жетісу» – 0:2
Голдар: Заречный, 45 (0:1). Шафф, 74-пенальтиден (0:2).
72-минутта Петухов («Т») алаңнан қуылды.

«Ертіс» – «Атырау» – 0:1
Гол: Трифунович, 12.

«Астана» – «Қайсар» – 1:0
Гол: Кояшевич, 90+4-пенальтиден.

«Қайрат» – «Ордабасы» – 0:1
Гол: Юнузович, 84.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.78   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети