27 сәуір 2022 11:45

Қандысай. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған белгітас қараусыз қалған

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Әлихан Сариев Фото: Әлихан Сариев


Алматы маңындағы Боралдай елді мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне Қандысай белгітасы қойылған. Қанды оқиғаның куәгері болған бұл жерде ескерткіш қойылғанымен, ол бүгінде қараусыз қалған. Белгітас маңы қоқысқа толып, маскүнемдер жиналатын орынға айналған. Tengrinews.kz тілшісі Қандысайдың бүгінгі жағдайын көріп, тарихшылармен сөйлесіп қайтты.

19 "наркомды" бір түнде атып, қапшықпен сайға тасыған

Қандысай Алматы маңындағы Боралдай елді мекенінде орналасқан. Кіреберістегі кішкентай тақта болмаса, басқа белгі жоқ, бірден тауып алу қиын.   

Бұл жер Қандысай деп аталуы бекер емес. 1938 жылы ақпанда НКВД 19 "наркомды" бір түнде атып, осы Боралдайдағы сайға әкеліп көмген екен. Бірақ бұл еш құжатта көрсетілмеген. "Әділет" тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев Қандысайдың тарихын айтып берді. 

"Ол кезде Алматы облыстық партия комитеті мен қалалық комитетін Шақпақ Артықбаев деген кісі басқарған. Бірде оның шопыры 2-3 күн жұмысқа келмеген. Кейін шопыры Артықбаевқа келіп, түнімен сайға қапшықтар тасығанын, ішінде адамдар барын көріп қалғанын айтады. Сөйтіп, екеуі өтірік іссапар жазып, сол сайға барады да, Шақпақ Артықбаев сол жерге белгі қойып кетеді. Артынша, Артықбаевтың өзі қуғын-сүргінге түсіп, 18 жылға сотталып кетеді", - дейді Қойшыбаев. 

Кейін Артықбаев түрмеден шығып, 80-жылдардың аяғында сол кездегі репрессия құрбандарының ұрпағына осы сай туралы айтып берген екен. Ал 1993 жылы сол сайға ескерткіш қойылған. Бұл бүгінгі - Қандысай. 

"Қаралы тарихты білу керек"

Дегенмен Бейбіт Қойшыбаев Қандысайдың бүгінгі ахуалына шүйлікті. 

"Бұл жерге көптен бері келмеп едім. Мардымсыз, күтусіз қалған екен. Халыққа қызмет етіп, атылып кеткен аталарымызға тиісті құрмет көрсете алмай отырмыз. Қазіргі ұрпақ сол ұлтжанды кісілердің еңбегін білуі қажет. Ол үшін осындай ескерткіштер қажет. Онда ескерткіштің сипаты жазылып тұруы керек. Осында 19 нарком жатыр дейміз, неге солардың тізімін жазып қоймасқа? Еске алатын, қанды оқиғаларды көрсетіп тұратын, мәні болатын жер қылуға болады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей Жаңалық аулында ашылды, Алматыдан 70 шақырым жерде. Алматының өзінде сол қаралы күндердің ізі болып осы Қандысай тұр. Осыны да неге жақсы ескерткіш қыла алмаймыз? Қаралы тарихты білу керек. Тарихи деректерді жазып, арнайы тақта қою қажет. Бұл бүгінгі ұрпаққа өте маңызды нәрсе", - деді ол. 

Бейбіт Қойшыбаев

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов бұл жер қазақ халқына маңызды екенін атап өтті, себебі мұнда тарихта елеулі орын алған тұлғалар жерленген. 

"Бұл жерді "19 коммиссардың жатқан жері" деп атайды. Тізімнен қарасақ, мұнда 7-8 нарком жатқаны рас. Қалғандары партия қызметкерлері, шаруашылық басшылары, кеңес қызметкерлері дегендей. Бұл символды түрде "19 нарком" деп айтылады. Шындығында, бұл жерде 190 немесе бірнеше жүз адам жатуы мүмкін", - дейді ол.

Қандысайда жерленген 19 нарком кім?

Қандысайда жерленген 19 мемлекет қайраткерінің қатарында Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасынан бастап комбинат директорларына дейін бар. Олардың тізімін 1938 жылы 22 наурызда "Социалистическая Алма-Ата" газеті жариялаған. Тізім мынадай:

  1. Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы - Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы. Қазақстан КП Орталық Комитетінің бюро мүшесі. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған. Ол республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына бірден-бір себепкер болған. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған тұста Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекіткен. 1891жылы 18 наурызда Торғай облысы Ырғыз уезі Аманқұл болысында туған (қазіргі Ақтөбе облысы);
  2. Есқараев Сүлеймен - Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советі төрағасының бірінші орынбасары, бюро мүшесі. 1897 жылы Сырдария облысы Қазалы уезі Қуаңдария болысында туған (қазіргі Қызылорда облысы);
  3. Жүргенов Темірбек Қараұлы - Қазақ КСР Халық ағарту комиссары, бюро мүшесі, 1898 жылы 28 қарашада Торғай облысы Ырғыз усзі Кенжекара болысында туған (өазіргі Ақтөбе облысы);
  4. Сырғабеков Нығметолла Сырғабекұлы - Қазақ КСР Жер-су шаруашылығы халық комиссары, бюро мүшесі, 1900 жылы Ақмола облысы Петропавл уезі Бейнетқор болысында туған (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы);
  5. Сәдуақасов Жанайдар - Алматы облыстық, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, бюро мүшесі. 1898 жылы Ақмола облысы Ақмола уезі Түгіскен болысында туған (қазіргі Қарағанды облысы);
  6. Молдажанов Ілияс Ысмайылұлы - Қазақ КСР қаржы халық комиссары. 1900 жылы Семей облысы Қаратоғай аулында туған (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы);
  7. Нұрмұхамедов Хасен Нұрмұхамедұлы - Қазақ КСР денсаулық сақтау халық комиссары. 1900 жылы Ақмола облысы Атбасар уезінде туған (қазіргі Ақмола облысы);
  8. 8. Қошанбаев Хасен - Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары. 1896 жылы Ақмола облысы Атбасар уезінде туған (қазіргі Ақмола облысы);
  9. Досов Әбілқайыр Ысқақұлы - Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1899 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында туған (қазіргі Ақмола облысы);
  10. Сапарбеков Садықбек (18...-1938 ж.ж.) - Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1902 жылы Жаңақорған ауданындағы, Балапантөбе деген жерде туған;
  11. Мусин Әйтіке - Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы;
  12. Кенжин Аспандияр Кенжеұлы - Семей ет комбинатының директоры. 1887 жылы Орал облысы Гурьев уезі Гурьев қаласында туған (қазіргі Атырау қаласы);
  13. Құрамысов Ізмұхан Мұқашұлы - Қазақ КСР совхоздар халық комиссариаты саяси басқармасының бастығы, 1896 жылы Ақтөбе губерниясы Ақбұлақ уезі Тұзтөбе болысында туған (қазіргі Ақтөбе облысы);
  14. Сұлтанбеков Жағыпар Сұлтанбекұлы - Қарағанды көмір өнеркәсібі тіресі бастығының бірінші орынбасары 1898 жылы Торғай облысы Қостанай уезі Аманқарағай болысында туған (қазіргі Қостанай облысы);
  15. Случак Владимир Еремеевич - Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1898 жылы Ресейдің Гомель қаласында туған;
  16. Чудочкин М.А. (18…-1938 ж.ж.) - Қазақ КСР Жер-су шаруашылығы халық комиссарының бірінші орынбасары;
  17. Михайленко Я.И. (18…-1938 ж.ж.) - Түрксіб темір жол құрылысының бастығы;
  18. Иванов В.И. (18…-1938 ж.ж) - Балқашстрой комбинатының директоры;
  19. Берлин Б.М. (18…-1938 ж.ж.) - Ақмола облысында туған. Қоңырат кен байыту комбинатының директоры;

"Ескерткішке келіп, қарным ашып тұр"

Ханкелді Әбжанов та осындай тұлғаларға арналған ескерткіш бүгінде қараусыз қалғанына қапалы. 

Ханкелді Әбжанов

"Осындай асыл азаматтарға қойылған ескерткішке келіп, қарным ашып тұр. Мына ескерткіш бізде ұлттық намыс, ұлттық сана деген әлі төмен екенін көрсетіп тұр. Әйтпесе, қазақ мемлекетінің іргесін, негізін қалағандарға мынадай ескерткіш қоюға бола ма?! Ескерткіштің ұсқыны ұсқын емес. Екіншіден, мәтінін қараңыз: "1937-1950" дейді. Бұл не дата? Не ол емес, не бұл емес. Мұны тарихты бұрмалау дейді", - деді тарихшы. 

Ханкелді Әбжанов қасбеттегі мәтінге де шүйлікті. 

"Үшіншіден, қасбетіндегі жазуды оқысаңыз: "Бұл жерде ашаршылықтан өлгендер, қуғын-сүргін құрбандары жатыр" дейді. Тіптен, анайы сөз қолданып: "Ыңыранған дауыс естіледі" дейді. Басқа әдемі сөз жоқ па?! "Жанайқайы естіледі" десек болмас па еді?! Бұл құрбандарды ақтау да, құрметтеу де емес, мұны каррикатура деп атайды. Мұндай қателікке жол беруге болмайды. Алматы сияқты екі миллион халқы бар мегаполис 19 коммисарға жақсы ескерткіш қоя алмаса ол неғылған қала?!", - деді тарихшы. 

"Ескерткіш маскүнемдер жиналатын орынға айналған"

Расымен, Қандысай көптен бері қараусыз қалған. Мұны сол маңда тұратын тұрғындар да растап отыр. Күндіз мұнда аналар жиі серуендейді, балалар ойнайды, ал күн батуымен маскүнемдер орнына айналады екен. Ескерткіш маңындағы орындықтардың қасында қоқыс жәшігі жоғалып кеткен. 

"Маскүнемдер шешіп, металл қабылдайтындарға өткізіп жіберген шығар. Себебі кешке таман мұнда көп адам жиналады. Көбіне ересектер бас қосады", - дейді жергілікті тұрғын Луиза. 

Белгітас қақпасы жабылмайды, бәрі кіріп-шығады екен. Бір кездері кейбірі ішке көлікпен де кіруді әдеткен айналдырған. Кейін көліктер кіре алмауы үшін осындай темір қоршау қойылыпты. 

"Мұнда қоқыс та сирек жиналады. Жан-жағыңызға қарасаңыз, толған қоқыс. Қоқыс жәшігі де ұрланған. Кейде ертеңгісін не түсте өтіп бара жатсаң, маскүнемдер отырады. Ал кешкісін мүлде қорқынышты, себебі мұнда жарық жоқ, алдыңда кім отырғанын білмейсің. Әрине, халық бұл ескерткіш екенін біледі, көбін бұл тоқтата қоймады", - дейді Луиза.

Ескерткіш аумағын бір аралап шықсаңыз, сыра құтыларын жиі көресіз.   

Ескерткіш қасында ойнап жүрген балаларды да көптеп кездестіруге болады. Бірақ олардың басқа таңдауы қалмаған, жақын маңда ешқандай ойын алаңы жоқ.  

Міне, осындай тарихи жер, маңызды ескерткіштің бүгінгі жағдайы осындай. Ал тарихшылар енді болашақ ұрпақ үшін бұл жерде жақсы белгітас орнату маңызды екенін айтты.

Фото: Әлихан Сариев

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.73   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети