Тіл маманы Назгүл Қожабек Bizben Podcast жобасының қонағы болды. Ол подкаст барысында қазақ тіліндегі мәселелерге тоқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әңгіме барысында Назгүл Қожабек халық арасында пікірталас тудырып жүрген "туған күн" мен "туылған күннің" қайсы дұрыс екенін айтты.
"2014 жылы қазақ әдебиетін ақтарып, біраз мысал жинадым. Қазақ әдебиетінде бір жерден "туылған" деген сөзді көрген жоқпын. Мағжан "Мұндай боп мен білмеймін кімнен тудым" дейді. Шәкәрім "Анадан алғаш туғанда" деп жазған. Абай - "Туғанда дүние есігін ашады өлең". Ешкімде жоқ. Қазақ тілінің табиғатында "Сен кімнен туғансың?" деп сұрайды. "Туылғансың" деген әңгіме мүлде жоқ. Туған жер, туған-туыс. Тілдің өзін сараптап қарағанда еш жерде "туылған" деген сөз жоқ", - деді ол.
Сонымен қатар, маман латын әліпбиімен бірге орыс тілінің ықпалы азаятынына сенім білдірді. Сол кезде орысша айтылып жүрген сөздер, қазақшаланатынын айтты.
"Латын графикасы келе жатыр. Сол кезде ең алдымен ғалымдар орфографияны бейімдейді. Кейін сол орфографиядан орфоэпия бейімделеді. Жаңа графикамен жаңаша жазу үлгісін қалыптастырған кезде. "Дәкумент" бола ма, "дөкумент" бола ма? "Кәмпүтер" бола ма, "көмпүтір" бола ма?" - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Bizben Podcast жобасының қонақтары фактчекер-журналист Думақ Смақов пен тележүргізуші, актриса Жұлдыз Абдукаримова болған еді.