Ақтөбеде дәрігерлер жаңа туған нәрестеге бірегей ота жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ақтөбеде дәрігерлер жаңа туған нәрестеге бірегей ота жасады Иллюстрациялық фото:depositphotos.com

Ақтөбеде дәрігерлер туа біткен ісігі бар 20 күндік қыз баланы аман алып қалды, сонымен қатар оның мүшесін сақтап қалды, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.


Ақтөбеде дәрігерлер туа біткен ісігі бар 20 күндік қыз баланы аман алып қалды, сонымен қатар оның мүшесін сақтап қалды, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Сюжеттегі ақпаратқа сүйенсек, сәби аналық безінің ісігімен дүниеге келген. Ота эндобейнехирургиялық әдіспен жасалды. Хирургтер дәстүрлі үлкен тіліктердің орнына кішкене тесіктер арқылы енгізілетін өте жіңішке аспаптар мен бейнекамераларды қолданды.

Бұл тәсіл қатерсіз ісікті барынша ұқыпты алып тастауға және нәрестенің ағзасына түсетін күшті азайтуға мүмкіндік берген.

"Аналық безінің сау тіндері шегінде оның бір бөлігін сақтай отырып, лапароскопиялық овариоцистэктомия жасалды, өйткені киста оң жақ аналық безден шыққан және ол 180 градусқа ішінара бұралған болатын. Бұл кистаны алып тастап, сонымен қатар қызда екі жақты шап жарығын да анықтадық. Бір наркозбен, бір ота кезінде оны да бірден жойдық", - деді облыстық балалар көпбейінді ауруханасының хирургі Егор Роскидайло.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ота баланың алдағы дамуына әсер етпейді – болашақта ол ана бола алады. Қазір сәби неонатологтардың бақылауымен тез айығып келеді және ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

Дәрігерлер заманауи технологияларды енгізудің арқасында нәрестелерге жасалатын оталар қауіпсіз бола түскенін атап өтті. Кейінгі жылдардың өзінде 140-тан астам сәтті ота жасалды.

"Жүктілік кезінде маған қызымда киста бар екенін айтқан жоқ. Бұл туралы босанар алдында УДЗ-ға түскенде білдім. Ота сәтті өтті, хирургтер кистаның көлемі 7 сантиметр болғанын, оны толығымен алып тастап, аналық бездерін сақтап қалғанын айтты. Қазір қызымның жағдайы жақсы", - деді баланың анасы Жанар Тасмағамбетова.

Әйел дәрігерлерге сәтті жасалған ота мен қызына көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

TengriEdu