Алматыда денесінің 90 пайызға жуығын күйік шалған ер адам құтқарылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда денесінің 90 пайызға жуығын күйік шалған ер адам құтқарылды Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері денесінің 89 пайызын күйік шалып, аса ауыр халде түскен 26 жастағы науқасты аман алып қалды. Науқас жансақтау бөлімінде төрт күн жатып, бірнеше отадан өтті, деп хабарлайды TengriHealth.


Денесінің 9?0 пайызға жуығы күйген: оқиға қалай болды

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, жазатайым оқиға ер адамның өз үйінің ауласында болған. Сарайда газ баллоны жарылып, салдарынан зардап шегуші ауыр күйік жарақаттарын алған.

Ол Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді.

Дәрігерлер пациенттен барожарақатты, дене бетінің 89 пайызын қамтыған термиялық күйікті, оның ішінде 15 пайызының терең күйік екенін анықтады.

Сондай-ақ, ер адам сол қолының жұмсақ тіндері ауқымды зақымданған ауыр жарақат алған.

Анықтама: Баротравма - қысымның күрт өзгеруінен болатын тіндер мен ішкі мүшелердің зақымдануы. Газ баллоны жарылған кезде соққы толқыны адамды жарақаттап, баротравма тудыруы мүмкін.

Науқас түскен бойда дәрігерлер қарқынды шокқа қарсы ем жүргізді.

Тері алмастыру және жансақтау бөліміндегі төрт тәулік

Ауруханаға түскен күні дәрігерлер зақымдалған қолға шұғыл ота жасады. Кейін емдеу шаралары күйік бөлімінде жалғасты.

"Пациент бізге өте ауыр жағдайда түсті. Төрт тәулік бойы реанимацияда болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Мұндай ауқымды күйіктер дәрігерлер үшін әрдайым ең күрделі сынақтардың бірі. Клиниканың мультидисциплинарлық командасының үйлесімді жұмысының арқасында біз пациенттің өмірін сақтап қала алдық", - деді №4 ҚКА күйік бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов.

Ауруханада емделу кезінде науқасқа бірнеше ота жасалды, соның ішінде теріні трансплантаттау (аутодермопластика) мен зақымданған аяқ-қолға реконструктивтік операциялар жасалды.

Ауруханаға түскеннен кейін бір айдан соң үйіне шығарылған ер адам дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғысын білдірді:

"Күйік және реанимация бөлімшесінің медицина қызметкерлерінің, кардиологтардың, терапевтердің, травматологтардың арқасында ем өте жақсы өтті. Барлық емшара жоғары кәсіби деңгейде әрі барынша ауыртпалықсыз ұйымдастырылды. Маған тек физикалық емес, моральдық қолдау да көрсетілді, өйткені мұндай жарақаттарды еңсеру өте қиын", - деді ол.

Алда жас жігітті ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.

Тағы оқыңыз: Павлодардағы банкте тортты жару оқиғасы: зейнеткерлердің жағдайы белгілі болды

Астанада самса пісіретін орында жарылыс болды: зардап шеккендер бар

Күйіп қалу, жәндіктердің шағуы және улы саңырауқұлақтар: Алматы тауларында туристер неден сақ болуы керек?