Қостанайда аурухана жөндеуіне қатысты кезекті жанжал шықты. Бұл жолы сот талқысына байланысты бұрынғы облыстық перзентхана ғимаратын жаңарту жұмыстары кешіктіріліп жатыр, деп хабарлайды TengriHealth.
Қостанайда облыстық балалар ауруханасының құрылысы бес жылдан бері аяқталмай жатқанда, басқа бөлімшелерге бейімдеу жоспарланған бұрынғы перзентхана төңірегінде де осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр.
Созылып кеткен жөндеу жұмыстары
Мердігер перзентханадағы күрделі жөндеудің бірінші кезеңін кешіктіріп аяқтады. Аурухана өкілдері атқарылған жұмыстар мен орнатылған жабдықтардың ақысы толық төленгенін мәлімдеді.
Алайда екінші кезеңде мәселе туындаған. Мердігер соңғы бірнеше жылда құрылыс материалдары мен қызмет көрсету құнының күрт өсуін алға тартып, сметаны қайта қарауды талап еткен.
"Олар сметаны өзгерту үшін сотқа жүгінді. Екі тарап медиацияға келіп, мердігер жаңа смета талабынан бас тартты, ал біз жұмыстың соңғы мерзімін ұзартуға келістік. Біз 150 миллион теңге көлемінде аванс төледік, бірақ жұмыс баяу жүрді. Бұл фирма Қостанай облысында қатар үш нысанды жүргізді. Біз шағым жаздық, түсінуімше, олар материалдық және қаржылық жағынан үш нысанды бірдей қамтамасыз ете алмады", - деді Қостанай облыстық ауруханасының заңгері Ренат Бисенов.

Нәтижесінде мердігер медиативтік келісім барысында сот белгілеген мерзімге үлгермеген. Аурухана өткен жылдың қараша айында онымен шартты біржақты тәртіпте бұзған. Бірақ компания бұған келіспей, шартты заңсыз бұзу туралы талап арыз түсірген. Бірінші сатыдағы сот құрылыс фирмасын қолдағанымен, облыстық соттың апелляциялық сатысы тапсырыс берушінің жағына шықты.
"Сот алқасы мердігердің медиативтік келісімде белгіленген мерзімде міндеттемелерін орындамағанын, ал тапсырыс берушінің шартты біржақты бұзу арқылы заң аясында әрекет еткенін анықтады. Апелляциялық қарау нәтижесі бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі, атап айтқанда, ЖШС-нің шартты біржақты бұзуды заңсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандыру бөлігінің күші жойылды", - деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.

Медициналық техника жоғалып кетті
Сот процестері жүріп жатқанда, мәслихат комиссиясы жылу жүйесін тексеру үшін нысанға барған. Корпустың жылуға қосылмағаны белгілі болды. Бірақ ең сорақысы - жөндеуден өткен операциялық бөлмелерден медициналық жабдықтардың жоғалып кеткен.
"Компания нысаннан құны 141 миллион теңге болатын, ақысы төленіп, орнатылған жабдықты алып кеткен. Нысан өздерінің иелігінде болғанын және біздің оған кіре алмайтынымызды пайдаланған. Біз денсаулық сақтау басқармасына, әкімдікке хабарладық, аудиторлық тексеру жүргізіліп, ұрлық сомасын анықтады. Олар жабдықты не перзентхана жөнделіп жатқан Арқалыққа алып кетті, не жеткізушілермен есептеспеген соң олар қайта алып кетті, оның қайда кеткені белгісіз", - дейді аурухана заңгері.

Аурухана басшылығы полицияға шағымданған, содан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы "Аса ірі мөлшерде жасалған бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау" бойынша тергеу басталған. Одан кейін аурухана экономикалық сотта ғимаратты мердігердің қайтаруына қол жеткізген, алайда фирма бұл шешімге шағым түсіруі мүмкін.
Жабдықтарға келетін болсақ, олар облыстық аурухананың жөнделіп жатқан корпусының 3-ші және 4-ші қабаттарында орнатылған болатын. Олар операциялық бөлмелерге арналған – операциялық шамдар, оттегі мен вакуум беру консольдері, сондай-ақ жуу орындары еді.
Аурухананың күрделі жөндеуіне облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген: бірінші кезеңнің құны – 496 миллион, екіншісі – 501 миллион теңге. Жұмыстың екінші кезеңін бастау үшін берілген 150 миллион теңге көлеміндегі авансты аурухана сақтандыру кепілдігі арқылы бюджетке қайтарған.
"Жобалау-сметалық құжаттама түзетуге жіберілді, қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Мамырдың соңында немесе маусымның басында аяқталады. Содан кейін жұмысты жалғастыру үшін мәслихатқа шығамыз. Қаржы бөлінгеннен кейін конкурс жариялаймыз", - деп түсіндірді облыстық аурухананың бас директоры Асхат Өтебаев.

Жөндеу барысында мердігер фирманы сатып жіберіп, онда құрылтайшы ауысқан. Сондықтан, фирма заңгерінің айтуынша, енді құқық қорғау органдары жабдықтың қай кезеңде және қай басшының тұсында жоғалғанын анықтауы тиіс.
Редакция компания өкілімен байланыса алды. Ол қазір онда жұмыс істемейтінін — кәсіпорын өткен жылдың мамыр айында сатылғанын айтты. Ал жоғалған жабдыққа қатысты айтар болсақ, оның сөзінше, бұл жағдай иесі ауысқаннан кейін болған. Компания заңгері барлық сұрақты енді жаңа құрылтайшыға жолдау керектігін мәлімдеді.

Перзентханасыз қала ма?
Жөндеуі тұралап қалған облыстық аурухана корпусында бұрын облыстық перзентхана болған. Бірақ аурухана басшылығының айтуынша, әйелдер баяғыда-ақ перинаталдық орталықта босанып жүр. Жөнделіп жатқан корпусты гинекология және ЛОР бөлімшелеріне беру жоспарланған.
"Соңғы бес жылда босану көрсеткіші 25 пайызға азайды. Сондықтан қазіргі жұмыс істеп тұрған перзентхана бізге толықтай жеткілікті. Перзентхананың толу көрсеткіші – 78 пайыз, онда әзірге гинекология, нәрестелер патологиясы және босану бөлімшелері орналасқан", - деп атап өтті аурухана директоры.
Фото Tengrinews.kz
Осы аралықта жөнделіп жатқан корпус Қостанай облыстық балалар ауруханасының күйін кешуі әбден мүмкін. Ол нысанның қаңырап тұрғанына бес жыл болды. Алдымен мердігер тапсырыс берушімен соттасты, кейін жаңа ЖСҚ әзірлеу туралы шешім қабылданды. Содан соң реконструкция басталуы тиіс еді, бірақ нысан әлі де консервацияда тұр. Ал балалар бұрынғы ковид орталығында емделіп жүр, ол уақытша мекемеден әлдеқашан тұрақты нысанға айналған.