Мүгедектігі бар қазақстандықтар арбалар мен басқа да техникалық құралдарды жалға алып, жөндеуге қайтара алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа тәсілдер туралы айтып берді, деп хабарлайды TengriHealth.
Министрдің айтуынша, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету тетігін жетілдіру жоспарланған. Ертаевтың айтуынша, қазіргі жүйе қайтарымсыз негізде құрылған және ол құралдардың нақты жай-күйін, тозуын және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді.
"Осыған байланысты жаңа тетік – құралдарды жалдау және қайтару шарттарымен қамтамасыз ету енгізіледі. Осы жылдың маусым айынан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында пилоттық жоба іске қосылады. Қайтарылған техникалық құралдар сараптамалық бағалаудан өтеді, оның қорытындысы бойынша жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану, жалға беру немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады", - деді Асқарбек Ертаев 21 сәуірде өткен үкімет отырысында.
Техникалық құралдарға арбалар, кресло-арбалар, балаларға арналған жүргіштер, Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған құралдар және басқа да көптеген заттар жатады.
"Мысалы, мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралын ауыстыру мерзімі өткеннен кейін жүгінеді. Егер құрал пайдалануға жарамды деп танылса – құрылғы техникалық қызмет көрсетуден (соның ішінде дезинфекциядан) өтіп, қайта айналымға жіберіледі", - деп түсіндірді министр.
Ақаулар анықталған жағдайда құрал кейіннен қайта пайдалану үшін жөндеуге жіберіледі. Егер оңалтудың техникалық құралы жарамсыз деп танылса – ол есептен шығарылады, ал өтініш берушіге жаңа құрал беріледі.
Осылайша, шенеуніктің айтуынша, қайтарымды модель құралдарды ұсыну мерзімін қысқартуға және жергілікті жерлерде оңалтудың техникалық құралдарының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап іске қосылады.