ПОДЕЛИТЬСЯ
Санитарлық дәрігерлер Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы "Тұмар" мейрамханасында болған жаппай улану дерегі бойынша эпидемиологиялық тергеуді аяқтады. TengriHealth тілшісі екі жүзге жуық қонақтың улануына не себеп болғанын анықтады.
Мамандар мейрамханада тексеру жүргізіп, зертханалық сынамалар алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті біздің сауалымызға берген жауабында хабарлады.
Сараптама қорытындысы тағамнан жаппай улану оқиғасы мейрамханада санитарлық ережелер өрескел бұзылуынан болғанын көрсетті.
Зардап шеккендердің талдамаларынан Staphylococcus aureus (алтын түстес стафилококк) және ішек таяқшасы тобы бактериялары табылды.
"Бұл стафилококтық тағамдық токсикоинфекция мен шартты-патогенді микрофлорадан туындаған жедел ішек инфекцияларын айғақтайды", - деп хабарлады өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Тексеру барысында мейрамханада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзудың тұтас тізімі анықталды. Инфекция мейрамхана қызметкерлерінің бір бөлігінен табылды, ал тамақ өнімдері, ауыз су сынамалары мен технологиялық жабдықтардың бетінен алынған шайындылар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеді.
Сондай-ақ мамандар мынадай олқылықтарды анықтады:
Тергеу нәтижесі бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігі ("Абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына, инфекция жұқтыруына, сәуле алуына немесе улануына әкеп соққан санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілгені хабарланды.
Бап санкциясында мынадай жаза қарастырылған:
Сондай-ақ сот кінәлі адамды үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруы мүмкін.
Үйлену тойы жаппай уланумен аяқталғаны туралы 19 маусымда, жедел ішек инфекциясы белгілерімен алғашқы науқастар дәрігерлерге жүгіне бастағанда белгілі болды.
Денсаулығы нашарлағанына 188 қонақ шағымданды, олардың арасында 14 жасқа толмаған 15 бала бар. Бастапқыда дәрігерлер барлық науқастың жағдайын орташа ауыр дәрежеде деп бағалады.
Қазақстандағы ірі отбасылық іс-шараларда мұндай жағдайлар бұған дейін де болған. Мысалы, 2025 жылғы маусымда Павлодарда 150-ге жуық адам жиналған ұзату тойында жаппай улану оқиғасы тіркелді.
Ол кезде дәрігерлер 27 қонақты, оның ішінде бір баланы ауруханаға жатқызған болатын. Жас жұбайлар келеңсіз жағдай туралы 8 маусым таңертең, жедел жәрдемге іш өту, құсу және жоғары температураға шағымданған қоңыраулар жаппай түсе бастағанда білген. Сол кезде де зардап шеккендерге алдын ала бактериялық ішек инфекциясы диагнозы қойылған еді.
Тағы оқыңыз: Алматыда ішек инфекциясы мен энтеровирус өршіді: тұрғындар нені білуі керек?