Ақтөбе облысында үлкен тойға келген қонақтар жаппай уланды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мейрамхананы тексеру нәтижесі айтылды, деп хабарлайды TengriHealth.
Ақтөбе облысында үлкен тойға келген қонақтар жаппай уланды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мейрамхананы тексеру нәтижесі айтылды, деп хабарлайды TengriHealth.
Жаппай улануға не себеп болды және қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Эпидемиологиялық зерттеудің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, қонақтар Қандыағаштағы мейрамханалардың бірінде өткен шара кезінде берілген тағамдардан уланған. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты:
"Зертханалық зерттеулердің нәтижесі дайын. Тамақ өнімдері сынамаларынан ішек инфекциясының қоздырғыштары, сондай-ақ патогенді және шартты-патогенді микрофлора анықталды".
Бұдан бөлек, тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бұзылғаны белгілі болды. Мәліметтерге сүйенсек, мейрамхана заңсыз жұмыс істеп келген.
"Нысан қызметіне қатысты санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған. Өнімді дайындау мен сақтаудың технологиялық процесі бұзылған, персонал жеке гигиена ережелерін сақтамаған және медициналық тексеруден өтпей жұмыс істеген", - деп толықтырды Бейсенова.
Оның айтуынша, бүгінде зардап шеккендер саны 188 адамға жетті, оның ішінде 15-і - 14 жасқа толмаған бала.
Дәрігерлер 177 пациентті ауруханаға жатқызды, тағы 11 адам амбулаториялық ем алып жатыр. Медицина мамандары барлық науқастың жағдайын орташа ауыр дәрежеде деп бағалап отыр.
Қазіргі уақытта мейрамхана жұмыс істеп тұрған жоқ. Жаппай улану фактісі бойынша полиция санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Мән-жайы
Жіті ішек инфекциясы белгілері бар алғашқы пациенттер дәрігерлерге 19 маусымда, тойдан кейін бірден жүгіне бастаған.
Бастапқыда аудандық аурухана мен облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаға 102 адам жатқызылды. 34 науқастың жағдайы бойынша медицина қызметкерлері сальмонеллездің ықтимал жағдайын тіркеді.
2025 жылдың маусымында Павлодарда 150-ге жуық адам жиналған ұзату тойында жаппай улану болғаны хабарланған еді. Ол кезде 27 адам, соның ішінде бір бала ауруханаға түскен болатын. Қалыңдық пен күйеу жігіт алғашқы ауырғандар туралы 8 маусымда таңертең білген. Сол уақытқа қарай жедел жәрдемге іш өту, құсу және дене қызуының көтерілуіне шағымданған ондаған қоңырау түсіп үлгерген. Барлық науқасқа қойылған алдын ала диагноз - бактериялық ішек инфекциясы.