Алматыдағы “Компотты“ сүру: тұрғындар қарсы, ал жаңа бас жоспарда не көрсетілген?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Алматыдағы "Компот" деп аталатын аудан тұрғындары жеке үйлерінің бұзылуына қарсы шығып жатыр. Үйлерді босату қаланың Бас жоспарында қарастырылған. Алайда соңғы түзетулерге сәйкес, бұл тұрғын үй алабында үй іргесіндегі жер учаскелері де, көпқабатты құрылыс та қарастырылған, деп хабарлайды ТengriНome.

Алматыдағы "Компот" деп аталатын аудан тұрғындары жеке үйлерінің бұзылуына қарсы шығып жатыр. Үйлерді босату қаланың Бас жоспарында қарастырылған. Алайда соңғы түзетулерге сәйкес, бұл тұрғын үй алабында үй іргесіндегі жер учаскелері де, көпқабатты құрылыс та қарастырылған, деп хабарлайды ТengriНome.

Ресми түрде Алматыда "Компот" ауданы жоқ. Бұл атауды байырғы тұрғындар Медеу ауданындағы Кіші Алматы өзенінің арнасы, Бөгенбай батыр көшесі, Достық даңғылы және Көктөбе массивінің шекарасында орналасқан, негізінен аз қабатты үйлерден тұратын жасыл шағын ауданға қатысты қолданады.

Алматының Бас жоспарына сәйкес, мұнда жеке үйлерді бұзып, орнына зәулім ғимараттар салу жоспарланған. Тұрғындар бұған түбегейлі қарсы. Олар тіпті Instagram желісінде арнайы аккаунт ашып, қабылданған шешімге қатысты алматылықтардың үндеулерін жариялап жатыр.

Компот - Алматының шығыс бөлігіндегі жасыл арал

Солардың бірі - медиа саласындағы танымал құқық қорғаушы, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының бұрынғы президенті Тамара Калеева. Оның айтуынша, ол осы ауданда жарты ғасырдан бері тұрып келеді.

"Менің бар жиған-тергенім - ағаштары мен гүлдері бар жер телімі және ескілеу үйім. Ешкімнен де, мемлекеттен де көмек сұрамаймын. Бірақ соңғы кездері, өкінішке қарай, әдемі де ізгі дүниелерді ойлаудың орнына, осы жерге бетон араластырғыштардың келіп, үйімді қиратып, раушан гүлдерім мен таңқурайларымның үстіне бетон құйып жатқанын көз алдыма елестететін болдым. Мұның бәрі жантүршігерлік", - деді Тамара Калеева өз үндеуінде.

Оның сөзінше, мұнда алматылықтардың бірнеше буыны тұрып жатыр және бұл - Алматының тірі тарихы.

"Осы Бас жоспарды әзірлеушілерге сұрақ қойғым келеді. Құрметті мырзалар мен ханымдар, сіздер өздеріңіздің түрлі-түсті шаршыларыңызды туған үйінен, өз жерінен мәжбүрлеп шығарылып жатқан адамдардың тағдыры мен қасіретінің үстінен сызып жатқандарыңызды түсінесіздер ме? Осыдан бір ғасыр бұрынғыдай мәжбүрлі қоныс аудару жүріп жатқанын сезінесіздер ме? Әлде өзге қалалардағы "тас джунглилер" сіздердің қиялдарыңызды тербетіп, соны эталон деп санайсыздар ма? Біз мұны эталон деп есептемейміз. Біз өз мекенімізде тұрғымыз келеді. Заңды түрде өз үйімізде өмір сүруге құқығымыз бар", - деп мәлімдеді ол.

Тұрғындар өз үндеулерінде Алматының Орталық Азиядағы ауасы ең көп ластанған қалалардың қатарына кіретінін атап өтті. Ал осынау алып шаһарда әлі де "тыныстап" тұрған жалғыз аудан - осы "Компот".

"Компот - Алматының шығыс бөлігіндегі жасыл арал. Жүз жылдық ағаштар, қалың бақтар, аласа үйлер. Дәл осы жерде ғалымдар айтатын "тау-аңғарлық ауа айналымы" жүзеге асады: Іле Алатауынан ескен салқын ағын осы жасыл кварталдар арқылы өтіп, қалаға таза ауа әкеледі", - делінген тұрғындардың үндеуінде.

Олар ағаштар кесілсе, таудан келетін ауа ағыны жолын жоғалтып, жел бағыты өзгереді дейді. Соның салдарынан қазір сейіліп кететін түтін (смог) қала үстіне тұнып қалады.

"Алматының шығыс бөлігі қала мен тау арасындағы соңғы жасыл буферден айырылады. Зәулім үйлер салуға болмайды, қазірдің өзінде Шығыс айналма автожолында (ШОАЖ) кептеліс өте көп, егер Компоттың орнына көппәтерлі тұрғын үйлер салынса, онда шығыс бөлік мүлдем тұралап қалады. Ең қорқыныштысы - бұл аудан 10-11 балдық сейсмикалық жарылымдарда орналасқан, аумақ жерүсті және жерасты суларымен тілімденген. Мыңдаған жылдар бойы ағып жатқан сулардың салдарынан жер астында көптеген бос орындар түзілген, бұл жер сілкінісі кезінде жағдайды одан сайын қиындатады", - деп толықтырды тұрғындар.

Қорытындылай келе, олар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы тығыз құрылысқа мораторий енгізгенін еске салды. Осыған байланысты олар мораторийдің сақталуын талап етеді.

Алматының Бас жоспарына түзету: "Компотты" сүру ме, әлде сақтау ма?

Билік 2025 жылдың соңында ұсынылған Алматының Бас жоспарын қайта өңдеуге жіберді. 2026 жылғы 30 маусымда қалада енгізілген түзетулер бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді. Құжаттар Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының сайтында жарияланды.

Алматы аумағын функционалдық және қала құрылыстық аймақтарға бөлу схемасына сәйкес, "Компот" ауданындағы үй іргесіндегі құрылыстардың бір бөлігі (картада Ж-1 деп белгіленген) сақталады. Алайда ауданның басым бөлігінде мынадай құрылыстар жүргізіледі деп күтіледі:

  • орта қабатты (Ж-3);
  • көпқабатты (Ж-4);
  • және тіпті 12 қабаттан асатын жоғары қабатты (Ж-5).

Алматы аумағын функционалдық және қала құрылыстық аймақтарға бөлу схемасынан үзінді, Бас жоспардың түзетуі

Ескерту: "Р-1", "Р-3" және "Р-4" шартты белгілері тиісінше жалпы пайдаланымдағы жасыл желектерді, арнайы мақсаттағы жасыл желектерді және өзендер, су айдындары мен жағалау белдеулері аймақтарын білдіреді. "О-1", "О-2" және "О-3" - білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету нысандары, соның ішінде жалпықалалық маңызы бар нысандар..

ТengriНome редакциясы Алматы әкімдігіне "Компот" ауданындағы жеке үйлерді сүру және сақтау мәселесіне қатысты кеңейтілген түсініктеме беруді сұрап, сауал жолдады.

Тағы оқыңыз:

Алматыда Қайрат шағынауданы бұзылмайтын болды - Бас жоспардағы өзгеріс

Алматының жаңа бас жоспары қашан бекітіледі: мерзімі белгілі болды

TengriEdu
Join Telegram