Жақын күндері Астанада 362 бір бөлмелі және 173 екі бөлмелі жалдамалы пәтер үлестіріледі. Жаңа қоныс иелерінің тізіміне кімдер ілігуі мүмкін. Толығырақ - ТengriНome материалында.
Елордада таяу арада жалдамалы тұрғын үйлерді бөлу басталады. Есіл ауданындағы "Orman Рark" тұрғын үй кешенінен 535 адам пәтер алады: оның 362-сі - бір бөлмелі, 173-і - екі бөлмелі.
"Пәтерлерді бөлуге әлеуметтік осал топтарға жататын кезекте тұрған азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер және баспанасы апатты деп танылған тұрғындар қатыса алады. Не істеу керек? Ештеңе жасаудың қажеті жоқ, тек 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламаны күтіңіз", – деп хабарлады Оrken.otbasybank тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы.
SMS алғаннан кейін не істеу керек?
1414 нөмірінен SMS-хабарлама алған астаналықтар бес жұмыс күні ішінде ұсынысқа келісімін беруі немесе одан бас тартуы тиіс.
Ол үшін:
- ЭЦҚ көмегімен baspana.otbasybank.kz порталына кіру ("Жеке кабинет" - "Жалдамалы тұрғын үй" бөлімі);
- ұсынылған баспананы қабылдау немесе одан бас тарту қажет.
Жалдамалы пәтерді кімдер ала алады?
Пәтерлердің 70 пайызы әлеуметтік осал топтарға жататын сегіз санаттағы азаматтарға бөлінеді:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері.
- Жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер.
- Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері.
- Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
- Мүгедектігі бар балаларды асырап отырған немесе тәрбиелеп отырған отбасылар.
- Жесір қалғандар (тұл ерлер).
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар.
- Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (тұрғын үйдің жалпы көлемінің 20 пайызы).
Бұл ретте осы пәтерлердің 20 пайызы жетім балаларға беріледі.
Қалған 30 пайыз пәтер кезекте тұрған өзге азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасында үлестіріледі.