2026 жылы Астанада тұрғын үй сертификаттарына 650 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бір жарым миллион теңге көлеміндегі көмекті 433 адам иеленеді. Жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарнаны кімдер алатынын ТengriНome анықтап көрді.
Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы сайтында 2026 жылы 433 адамға тұрғын үй сертификаттары берілетін бюджеттік бағдарлама жарияланды. Айта кетейік, сертификат құны бір жарым миллион теңге болады.
"2026 жылдың бірінші тоқсанында "Отбасы банкінің" конкурсынан өткен 251 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. Қалған көлем жыл аяғына дейін азаматтардың өтініш білдіруіне қарай беріледі", - деп хабарлады Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы сауалға берген жауабында.
Бұған 650 миллион теңге қажет. Бұл - кейінгі жылдардағы рекорд сома. Салыстырмалы түрде айтсақ:
- 2024 жылы бұл мақсатқа 285 миллион теңге бөлінген;
- 2025 жылы - 504,5 миллион теңге;
- кейінгі (2027-2028) жылдары 333 алушыға тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жыл сайын 500 миллион теңгеден бөлу жоспарланған.
Астанада ипотеканың бастапқы жарнасына тұрғын үй сертификаттары кімдерге беріледі?
Жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарна ретіндегі тұрғын үй сертификаттары тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлеріне беріледі:
- педагогтер, медицина қызметкерлері, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері;
- Астана қаласы Полиция департаменті қызметкерлері;
- Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері.
Бюджеттік сала қызметкерлерінен бөлек, тұрғын үй сертификаттары тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік осал топтарына да беріледі:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері; жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандар;
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратындар (тізімді үкімет бекітеді);
- жасына байланысты зейнеткерлер;
- 29 жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар;
- қандастар;
- экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан баспанасынан айырылғандар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- толық емес отбасылар;
- мектептерде, колледждерде, ЖОО-ларда күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар жесір қалған әйелдер (тұл ерлер).
"Тұрғын үй сертификаттары жоғарыда аталған азаматтарға Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама, сондай-ақ "Отбасы банк" АҚ-ның жеңілдетілген ипотекалық қарыздары аясында ипотекалық қарыз рәсімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін ғана беріледі", - деп нақтылады басқармадағылар.
Тұрғын үй сертификаттары "Бақытты отбасы" (2-10-20), "Шаңырақ" (5-10-20), "7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларының қатысушыларына беріледі.
Тұрғын үй сертификатын қалай алуға болады?
Тұрғын үй сертификаты орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселік көрсеткішінен (2026 жылы 157 638 теңге) аспайтын отбасыларға беріледі.
Жеңілдетілген ипотека бойынша "бастапқы жарнаны" алу үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:
- Жеңілдетілген ипотекаға қатысуға өтінім беру.
- Банкте төлем қабілеттілігін растау процедураларынан өту.
- Ипотекалық қарыз бойынша банктің мақұлдауын алу.
- Тұрғын үй сертификатын алуға өтінім беру.
Тұрғын үй сертификатын алуға өтінімді екі тәсілмен беруге болады:
- kezekte.kz порталында онлайн, бейне нұсқаулық осы жерде;
- eGov.kz порталында ЭЦҚ көмегімен онлайн (Жылжымайтын мүлік - Тұрғын үй қатынастары - Тұрғын үй сертификаттарын беру).