Талдықорғандағы жаңадан салынған "Жастар-3" шағын ауданындағы кейбір үйлер қоныстанғаннан кейін бірнеше ай өтпей жатып қирай бастаған. Жаңа қоныстанушылар үйдің сыз тартып, көгеруіне, шатырдан су ағуына, терезелердің саңылауларына, қабырғалардағы жарықтар мен жел соғатын жерлерге және сылақтың үгітіліп түсуіне шағымданған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қала шетінде орналасқан "Жастар-3" шағын ауданында құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мұнда 700-ден астам тұрғын үй салу жоспарланған, оның 300-ден астамын мемлекет сатып алып қойған. Бір бөлігіне жаңа иелері қоныстанып та үлгерді.

Олардың арасында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар - көпбалалы отбасылар, жетім балалар, зейнеткерлер, сондай-ақ мүгедектігі бар жандар немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған адамдар бар.
Кейбір тұрғындарға жаңа баспананың кілті 2025 жылдың желтоқсанында табысталған болатын. Алайда арада бір ай өтпей жатып, бірқатар үй иелері күрделі мәселелерге тап болған.
Тұрғын үйлер тұруға мүлдем дайын болмай шыққан - құрылыстағы кемшіліктер қабырғалардың жарылуы мен көгеруі, есіктердің топсасынан босап қалуы, терезелердің дұрыс орнатылмауы және бөлмелердің ішінде желдің уілдеуі түрінде көрініс таба бастаған.
Көктем шыға жауын-шашын мен жел құрылысшылардың басқа да олқылықтарының бетін ашты: сылақтар опырылып, бетон үгітіле бастаған, шарбақтар мен қақпалар желден құлап, аулалардың кей тұсы шөгіп, жылу оқшаулағыштар мен шатырдан су ағу мәселесі туындаған. Үнемі жөндеу жүргізуден қажыған тұрғындар әлеуметтік желілерде шағымдарын айтып, биліктен сапалы баспана беру туралы келісімшарт талаптарының орындалуын талап етті.

Көпбалалы аналардың бірі, жетім ретінде 13 жылдан астам уақыт баспана кезегінде тұрған Ангелина Степныхтың айтуынша, осы жылдың қаңтарында көшіп келгеннен кейін үйден бірден терезелерден су аққан, ал қабырғалар мен төбе көгере бастаған. Ол алты бала тәрбиелеп отыр, оның біреуі - мүгедектігі бар бала. Үлкен қызы 12 жаста болса, кенже ұлы небәрі 6 айлық.
"Мердігер кемшіліктерді мойындады, бірақ әзірге тек алты баллон монтаждау көбігімен шектелді. Ол жұмысшылар мен құрылыс материалдарының жоқтығын алға тартады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне үш рет жүгіндім - нәтиже жоқ. Үйді бізге тегін берген жоқ - баспана 23 миллион теңгеге бағаланып, 15 жылға пайызсыз бөліп төлеу, 10 пайыздық алғашқы жарна және ай сайынғы төлем бекітілді. Біздің отбасымыз үшін 2,3 миллион теңге көлеміндегі алғашқы жарна - өте ауыр сома. Іс жүзінде біз айына 14 мың теңге төлеп, өмір бойы жалдамалы пәтерде тұрғандай жағдайдамыз. Бәлкім, уақыт өте келе балаларым үйді сатып алар", - деп үміттенеді Ангелина.
Әйел мемлекеттің көпбалалы отбасыларға көмектесу үшін түрлі әлеуметтік бағдарламаларды ілгерілетіп жатқанын түсінеді, бірақ жергілікті жердегі орындаушылардың жауапсыздығына кезіккеніне қынжылады.

Талдықорған әкімдігі барлық үй конкурстық рәсімдер арқылы сатып алынғанын және олардың екі жылдық кепілдігі бар екенін айтып сендірді. Тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәлімдеуінше, келісімшарт бойынша құрылысшылар бірнеше үйде анықталған ақауларды қысқа мерзімде жоюға міндетті.
"Бұл үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезек ретімен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын мұқтаж азаматтарға берілді. Бүгінде қаладағы әлеуметтік тұрғын үйлер алаңында 10 мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысы құрылысты өз қаражаты есебінен III–IV деңгейдегі құрылыс нормаларына сәйкес жүргізеді. Олар 2 жыл мерзімге кепілдік береді. Олардың кінәсінен туындаған ақаулар осы міндеттемелер аясында қысқа мерзімде жойылатын болады", - деп хабарлады Талдықорған қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі.
Фото Tengrinews.kz
Облыстық мәслихат депутаты Жалғас Алтынбеков қалыптасқан жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. Ол Қазақстанда жаңа тұрғын үйлердің құрылыс сапасына бақылауды күшейту, сондай-ақ кейін анықталған олқылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет деп есептейді.
"Халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы азаматтар үшін салынған үйлерге қатысты үнемі мәселе туындайтынына назар аудардым. Мердігер ұйымдар үйлердің беріктігіне мән бермей, сапасыз құрылыс материалдарын қолдана отырып салып жатқандай ой келеді. Ал шын мәнінде, меніңше, мұнда бақылауды керісінше күшейту керек, өйткені бұл тұрғындардың жағдайы жақсы қазақстандықтардан айырмашылығы - үйді өз бетінше жөндеп алуға мүмкіндіктері бола бермейді", - деп атап өтті мәслихат депутаты Жалғас Алтынбеков.
Ол "Жастар-3" шағын ауданындағы жағдайды жергілікті депутаттар бақылауға алатынын және барлық мәселелердің толық шешілуіне қол жеткізетінін уәде етті.
Белгілі болғандай, "Жастар-3" ауданындағы дайын құрылыс нысандарын сатып алуға бюджеттен жеті миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.