Қазір еліміздің 11 өңірінде 3 мыңнан астам үлескер өздері қаржы салған тұрғын үйлердің пайдалануға берілуін күтіп отыр. Бүгінде проблемалық тұрғын үй кешендерінің (ТҮК) саны 37-ге жеткен. Олардың басым бөлігі қай өңірлерде орналасқан? Құрылыстың тоқтап қалуына не себеп? Бұл мәселенің мән-жайын TengriHome тілшісі анықтап көрді.
Проблемалық ТҮК: құрылысы ұзаққа созылған нысандар қай өңірлерде көп?
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, бүгінде құрылысы тоқтап тұрған 37 нысанға үлескерлердің қаражаты заң талаптарын айналып өту арқылы тартылған.
Өңірлер бойынша жағдай мынадай:
- Ақтөбе облысы – 11 нысан;
- Маңғыстау облысы – 5 нысан;
- Батыс Қазақстан облысы – 4 нысан;
- Алматы қаласы – 3 нысан;
- Атырау облысы – 3 нысан;
- Алматы облысы – 3 нысан;
- Ақмола облысы – 3 нысан;
- Қарағанды облысы – 2 нысан;
- Шығыс Қазақстан облысы – 1 нысан;
- Павлодар облысы – 1 нысан;
- Абай облысы – 1 нысан.
Құрылыс неліктен тоқтап қалды?
Комитет мәліметінше, құрылыстың тоқтап қалуына бірнеше негізгі себеп бар:
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң талаптарын айналып өтіп, азаматтардың қаражатын тарту (яғни үлескерлерден ақша жинауға қажетті рұқсаттың болмауы);
- құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарының болмауы;
- құрылыс салушының қаржылық қиындыққа тап болуы;
- қаржыландырудың жеткіліксіздігі және қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы.
"2025 жылдың қыркүйегінен бастап заңнамаға өзгерістер күшіне енді. Оған сәйкес, салынып жатқан нысандардан тұрғын үй немесе тұрғын емес жайларды, я болмаса олардың үлестерін сатып алуды көздейтін кез келген құқықтық қатынастар тек тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарына сай жүзеге асырылуға тиіс", — деп еске салды бейінді ведомство өкілдері.
Құрылыс салушыны қалай тексеруге болады?
Құрылыс салушыны қалай тексеруге болатыны және салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатуға оның қандай құжаттары болуы керектігі туралы Tengri Home бұған дейінгі материалдарының бірінде жазған болатын. Сол кезде сарапшылар құрылыс компаниясы қандай жағдайда салынып жатқан тұрғын үйдегі пәтерлерді сатуға және үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алатынын түсіндірген еді.
Ол үшін:
- Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдігі болуы;
- жобаға екінші деңгейлі банктің қатысып, қаржылай қолдау көрсетуі;
- әкімдіктің үлескерлердің қаражатын тартуға берген рұқсаты болуы қажет. Мұндай рұқсатты құрылыс компаниясы ғимараттың қаңқасын өз қаражатына тұрғызған немесе банктен қаржыландыру алған жағдайда ала алады.
Сондай-ақ құрылыс салушы тұрғын үйді тек үлестік қатысу шарты негізінде ғана сата алады. Басқа құжаттар бойынша сатуға заңмен тыйым салынған.
Айта кетейік, 2026 жылдың 20 қаңтарынан бастап Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзғандарға салынатын айыппұл 300 АЕК-тен (2026 жылы – 1,2 миллион теңге) 2000 АЕК-ке (8,6 миллион теңге) дейін ұлғайтылды.
Құрылыс салушыны тағы қалай тексеруге болады
Қазақстандықтар пәтер сатып алмас бұрын құрылыс компаниясы туралы ақпаратты өздері де тексере алады. Ол үшін eGov Mobile мобильді қосымшасында және кейбір банктердің сервистерінде арнайы қызметтер қарастырылған. Сондай-ақ құрылыс компаниясында үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың бар-жоғын тұрғын үй порталынан білуге болады.
"2025 жылдың шілдесінен бастап үлескерлерді қолдаудың онлайн-орталығы іске қосылды. Онда үлестік құрылыс мәселелері бойынша пайдалы ақпараттар бөлімі мен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар қамтылған. Сервистің негізгі элементі — генеративті жасанды интеллектіні қолданатын iBota чат-боты", — деп хабарлады комитеттегілер.
Проблемалық ТҮК құрылысын қалай аяқтауға болады
Мұндай нысандардың құрылысын аяқтау мәселесі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралады. Бұл мәселелерді қарауға жергілікті әкімдіктер бастамашы болады.
"Проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау механизмі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қарастырылған. Бұл ретте тетікті іске қосу үшін, ең алдымен, сот шешімімен үлескерлерді зардап шегуші деп тану қажет. Қылмыстық іс сотқа берілгенге дейін тергеу процедурасы белгілі бір уақытты алады, ол жылдарға созылуы мүмкін", — деп түсіндірді Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті.
Нысан құрылысын аяқтау үшін инвесторлар тартылуы мүмкін. Сондай-ақ тұрғын үйді құрылыс салушының өз қаражаты немесе жергілікті бюджет есебінен аяқтау мүмкіндігі де қарастырылған.