Менің әкем, Баязит Хаметчин, 1943 жылы соғысқа аттанды. Ол кезде небәрі 17 жаста еді. Байланысшы мамандығы бойынша оқыды, контузия алып, Ленинградтағы госпитальде емделді, кейін алдыңғы шептегі әскермен Будапешт қаласына дейін жеткен.
Әкемде бірнеше жауынгерлік награда болды. Дунай өзенінен өткені үшін, Будапештті азат еткені үшін медальдармен марапатталған. Бірақ Берлинге дейін жете алған жоқ. Будапештте қалып, 1949 жылға дейін Мәскеу мен Берлин арасындағы сымды байланысты қамтамасыз етіп отырды. Бұл – өте үлкен жауапкершілік болатын. Жоғарғы қолбасшылықтың сымды байланысында болған кез келген ақау әскери трибуналға әкелуі мүмкін еді.
Әкем жауапты болған учаске Дунай өзенінің үстінен өтетін сымдарды қамтыған. Ол өзеннен қайықпен өтіп, оқшаулағыштар мен сымдардың бүтіндігін бақылап отырған. Соғыс уақытында байланысшы, әсіресе арқасында сым орамы бар жауынгер – неміс мергендері үшін олжа саналатын. Ал байланысшылардың міндеті – ұрысқа араласпай, тек байланыс орнату еді. Міндет жалғыз – алғы шеп пен штаб арасындағы байланысты үзбеу.
Бір жолы әкем орманда жүргенде бірнеше фашист алдынан шығып, қолдарын жоғары көтеріп, берілуге ниет білдірген. Әкем оларды өзіміздің әскер орналасқан жаққа айдап жібермек болады. Бірақ олар ыммен түсіндіріп, ол жақта оларды өлтіретінін айтқан. Жолда әкем бірнеше сарбазға жолығып, олар фашистерді атып тастауды ұсынады. Алайда менің әкем бұған қарсы шығып, неміс сарбаздарын аяп, оларды тиісті орынға дейін жеткізіп, өзіміздің әскери бөлімге тапсырады.