Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех анықталды. Желіде видео жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, адамдар тобы Шортанды ауданы аумағында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды.
"Кенді ұсақтауға және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 миллион теңгеден аса және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді", - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Тінту барысында қару мен оқ-дәрілер табылған. Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлға, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталып жатыр. Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Тағы оқыңыз: Заңды ЖШС ретінде алтын өндірген: полиция ШҚО-дағы схеманың жолын кесті