Ақтөбеде бұған дейін тағдыры елді елең еткізген 72 жастағы зейнеткер қайтыс болды: әйел жарықсыз, сусыз және газсыз үйде тұрып, көршілері және еріктілер көмегімен күнелткен. Туған күніне небәрі бірнеше апта қалғанда көз жұмған кейуананы соңғы сапарға оның қасында болған жанашыр жандар шығарып салады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбеде 72 жастағы Валентина Бердина қайтыс болды. Оның тағдыры еріктілер мен журналистердің жарияланымдарынан кейін өңір тұрғындарына кеңінен таныс болған еді. Көршілері Валя әже деп атап кеткен қарияға көптеген жанашыр адам қолдау көрсетті: оған тамақ әкеліп, құжаттарын реттеуге көмектесті, қиын күндерде жалғыз қалдырмады.

Валентина Петровна 1953 жылы 22 мамырда дүниеге келген. Кезекті туған күніне санаулы апта қалған еді.
Әйел өте ауыр жағдайда - газы, жарығы және суы жоқ үйде тұрған. Электр жарығы қарызы үшін өшірілген, үйі пешпен жылытылған, ал ауласы мен дәлізі өзі дайындаған отынға толы болған. Осыған қарамастан, ол соңғы демі қалғанша шыдауға тырысты.

Оның жағдайы белгілі болған соң, ондаған адам бейжай қалмады. Еріктілер құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдессе, көршілері ыстық тамақ әкеліп, күтім жасады.
Еріктілердің айтуынша, Валентина Петровнаның балалары - ұлы мен қызы анасының өміріне араласпаған.
"Олардың өздері де өте қиын жағдайда тұрады. Ұлы кейде келіп тұратын, бірақ ешқандай көмегі болмады. Соңғы кездері әже үйден шықпай қалған еді, қатты ауырды. Онда асқынған онкология болды, бірақ ол дәрігерлерге барудан бас тартты", - дейді Валентина Петровнаның көршісі әрі ерікті Зәуреш Аңдақұлова.
Қария үшін ең жақын адам дәл осы Зәуреш болды. Ол Валя әжеге күніне бірнеше рет келіп, тамағын беріп, үй шаруасына көмектесіп тұрған.

Ол соңғы рет қарияның үйінде 4 мамырда болған.
"Күндіз тамақтандырдым, ол айран ішкісі келетінін айтты. Кешке ыстық тамақ - өзі жақсы көретін етті сорпасымен әкелдім. Әдетте ол екінші рет сұрамайтын, бірақ сол күні бірдеңе сезгендей болды - тағы сорпа сұрап, шөлі қанбай жатқанын айтты. Түн ортасына таман тағы бір келіп, сусынын беріп, ұйықтаттым... Ал таңертең ол өлі күйінде табылды", - деп еске алады Зәуреш.
Қария қайтыс болғаннан кейін, оны жерлейтін ешкім жоқ екені анықталды. Жақындарының жерлеу рәсіміне қаражаты болмаған. Сол кезде еріктілер тағы да жанашыр ақтөбеліктерге жүгініп, олар бұл өтінішке бейжай қарамады.
"Біз жинақ аштық, өйткені басқа ешкімнен көмек болмайтынын түсіндік. Жанашыр жандардың арқасында қажетті соманы жинай алдық. Көзі тірісінде ол маған күйеуінің жанында жерленгісі келетін жерді көрсеткен еді. Біз оның соңғы аманатын орындаймыз", - деді Зәуреш.
Еріктілер түсірген соңғы суреттерде Валентина Петровна өте қажыған көрінеді, жанары сөнген, жүдеу жүзінен өткен жылдардың бар тауқыметі байқалады.

Еріктілердің фотосы
Бірақ оны жақын танығандар Валя әжені мүлдем басқаша - басынан өткерген барлық сынаққа қарамастан, өмірге құштар, жылы жүзді, мейірімді жан ретінде есінде сақтайды.
Валентина Бердинаны жерлеу рәсімі 7 мамырда өтеді. Онымен қоштасуға осы уақыт бойы қасында болғандар - қаны бір туыстары емес, жүрегі жылуға толы жандар, ол кісі үшін нағыз отбасына айналған адамдар келеді.