Ақтөбеде облыстық әкімдік, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасы, Ырғыз аудандық әкімдік пен облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен "Рухани Жаңғыру" республикалық бағдарлама аясында екі аса көрнекті қайраткер Ұзақбай Құлымбетов пен Темірбек Жүргеновті еске алу күндері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбеде облыстық әкімдік, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасы, Ырғыз аудандық әкімдік пен облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен "Рухани Жаңғыру" республикалық бағдарлама аясында екі аса көрнекті қайраткер Ұзақбай Құлымбетов пен Темірбек Жүргеновті еске алу күндері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өткізілген іс-шаралар аясында есімі ұзақ жылдар бойы назарсыз қалып келген Ұзақбай Құлымбетовке салтанатты түрде бюст орнатылды. Бюст биыл қыркүйек айында "Батыс-2" ықшамауданында ашылып, Ұзақбай Құлымбетовтің есімі берілген №64 қалалық мектепте орнатылды.
Салтанатты шараға көп қонақ келді. Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған қонақтарды құттықтады.
"Ол зор жұмыс атқарды. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, Қазақ орталық атқару комитетінің төрағасы болып аяқтады. Ол Қазақстан тарихында өз ізін қалдырды. Біз, қазіргі ұрпақ, осындай тарихи тұлғаларды ұмытпауымыз керек, себебі олар біздің еліміздің тарихы", - деді өңір басшысы.
Ұзақбай Құлымбетовтің қызы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі Орынша Қарабалина-Қазыбаева да қонақтарды құттықтады. Ол жиналған қонақтарға алғыс айтты.
"Бұл мен үшін зор қуаныш. Ол - ұлы тұлға. Ол еліміздің қалыптасуы кезінде болды, алғашқы болып халық шаруашылығы жоспарын ойластырды. Қазақстанның алғашқы теміржол магистралі - "Түрксіб" құрылысын басқарды. Кейіннен педагогикалық институттарды ашты. Қайда болса да, мектептер ашып жүретін", - деді Орынша Қарабалина-Қазыбаева.
Ұзақбай Құлымбетовтің қызы бюст орнату туралы идеяға қолдау білдірген Ақтөбе облысы әкіміне алғыс білдірді.
Ұзақбай Құлымбетовтің қоладан жасалған бюстін Алматыда ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Ескен Сергебаев қоғам қайраткерінің ұрпақтары мен жерлестерінің қаражатына дайындаған.
Сондай-ақ, мектепте "Ұзақбай Құлымбетов. Материалдар мен құжаттар жинағы" кітабының таныстырылымы өтті. Ол кітапта Құлымбетовтың құжаттары мен еңбектері жазылған. Кітапты белгілі ғалымдар, тарихшылар мен мемлекеттік мұрағаттағы қызметкерлер дайындап шығарды.
"Ол кісі Қазақстанның өнеркәсіп, экономика, мәдениет және білім салаларына зор үлесін қосты. Оның қосқан үлестерінің барлығы қазіргі уақытта еліміздің дамуына негіз болып жатыр. Ол 1926-1936 жылдар аралығында жеті еңбек жазған. Ол онда мәдениет пен экономиканың, сондай-ақ, мал шаруашылығының дамуы жайлы жазған", - деді тарихи ғылымдардың докторы, кітапты басып шығарушылардың бірі Светлана Смағұлова.
Сондай-ақ, "Халықтың қамын ойлаған…!" кездесуі аясында тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген тұғрындар мен ұрпақтары Ұзақбай Құлымбетовтің, Темірбек Жүргеновтің және Тел Жаманмұрыновтың еңбектерін еске алды. Қоғам қайраткерлері мен ақтөбелік тарихшылар, өлкетанушылар, мәдениет мекемесінің қызметкерлері, студенттер, мектеп оқушылары мен қала қонақтары да бұл шараға қатысты.
Жиналған қонақтар мұндай іс-шаралардың өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өте пайдалы екенін айтып өтті. Айтуларынша, жастар елімізді құруға атсалысып, ел тыныштығы үшін өз өмірлерін қиған тұлғаларды білуі тиіс.
Сондай-ақ, іс-шаралар аясында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының сахнасында драматург Рақымжан Отарбаевтың "Нарком Жүргенов" пьесасының премьерасы өтті.
Ұзақбай Құлымбетовтің еңбегі ұзақ жылдар бойы назарсыз қалып келді. Тарихи әділдікті қалпына келтіре отырып, Құлымбетовтың еліміздің өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы салаларын дамытуда, Түркістан-Сібір теміржолын салудағы рөлі жайлы батыл айта аламыз. Ол Жітіқарадағы, Аққарадағы және Бозбиедегі алтын өндіретін жерлердің қазақ халқына қайтарылу мәселесін, сондай-ақ, Екібастұз бен Атбасардағы комбинаттардың қалпына келтіру мәселелсін көтерді. Ембіде мұнай өндіру көлемін арттыруға арналған бағдарламаларға бастамашы болды, мұнай өндейтін зауыттарды салу, тоқыма өнеркәсібін, мал шаруашылығы салаларын дамытуға бастамашы болып жүрді.
Ұзақбай Құлымбетов Орталық атқарушы комитетте төраға болғанда республикадағы экономиканы даму деңгейі көтеріліп, Одақтас республика статусын алды. Құлымбетов Қазақ КСР жаңа Конституциясын бекітті. Сондай-ақ, ол Мемлекеттік елтаңбаға қатысты жобаны мақұлдады. Әсіресе, оның елордагы Қызыл-Ордадан Алма-Атаға ауыстыру кезінде комиссияны басқара отырып айтқан бастамаларын айтып өтуге болады.
Құлымбетов Қазақ Совет Республикасы кезінде білім берудің негізін қалады. Ол құрылған республиканың болашағына сеніп, өз өмірінің соңына дейін халқына адал болып келді.
Оның негізігі мамандығы педагогика болғандықтан, ол басқарушы қызметтерде жұмыс істей отырып, жергілікті халықтың білім деңгейін арттыруға, мектептер ашуға, оқу орындарына қосымша ақша бөліп беруге аса назар аударып, Ташкент педагогикалық оқу орнын Алма-Атаға ауыстыруға бастамашы болды. Сондай-ақ, ол жетім балаларға мектеп-интернаттар салуға бастама берді.
Ұзақбай Құлымбетов алғашқылардың бірі болып Голощекиннің ауылды басқаруға қатысты әдістеріне қарсылық білдірді. Құлымбетов "Карлаг" және "АЛЖИР" еңбекпен түзеу лагерьлерін салуға қарсы болды. Құлымбетовтің әйелі Айыш Құлымбетова 1938 жылы қамауға алынып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сегіз жылын "АЛЖИР" еңбекпен түзеу лагерінде өткізді.
Ақтөбе облысының тумасы Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1891 жылы Торғай облысы Ырғыз уезі Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ ерлерге арналған училищені, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген.
1912-1919 жылдар аралығында мектептерде мұғалім болып, Ырғыз және Торғай уездеріндегі ауылдық кеңестің ұйымдастырушысы болған.
1919-22 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді. 1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған.
1925-1926 жылдары ауыл шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы болды. 1926 жылы Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.
Ұзақбай Құлымбетов. Мұрағаттан алынған сурет.
1927 жылы Құлымбетов астананы Қызыл-Ордадан Алма-Атаға ауыстыру жөніндегі мемлекеттік комиссияны басқарды. Сондай-ақ, Мәскеуге жолданған құжатта Алма-Атаның жаңа экономикалық орталық болуы мүмкін екені айтылған болатын.
Ал 1930 жылы Құлымбетов Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) бірінші орынбасары болып тағайындалды 1935 жылдың қаңтарынан бастап Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде қызмет етті. Бірақ 1937 жылы оған жалған айыптаулармен қамауға алынып, 1938 жылы оны атып тастайды. Ал 1958 жылы толықтай ақталды.
Ұзақбай Құлымбетов пен әйелі Айыш. Мұрағаттан алынған сурет.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйекте Алматыда Ұзақбай Құлымбетовтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылған болатын. Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ірі мемлекет қайраткері, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтің құрметіне Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ғимаратына орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өткен еді.
Ал былтыр желтоқсан айында Ұзақбай Құлымбетовтің өмір жолы жайлы жинақ жарыққа шыққан болатын. Жинақты қазақ еліне ерен еңбек сіңірген тұлғаның қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаева мен өлкетанушы ғалым Бекарыстан Мырзабай құрастырған. Жинақ екі бөлімнен тұрады.